Kyzylorda-news.kz.  Asia Park сауда-ойын-сауық орталығындағы вакцинация пунктінде екпе алғандарды қолдау үшін кәсіпкерлер түрлі сыйлықтар ойнатты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі.

Вакцина алған азаматтар бірден ұтыс ойынына қатыса алды. Жүлде арасында – тұрмыстық техника, электроника, СОО жалға алушыларының сыйлықтары бар.

Елорда тұрғындары кәсіпкерлердің осындай бастамасын жоғары бағалап, бағалы сыйлықтар үшін алғысын білдірді.

«11 мамырда вакцинаның алғашқы компонентін алдым. Маса шағып алғандай ғана болды. Жыл сайын күзде тұмауға қарсы екпе алатыным да бар. Бүгін коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін алдым. Ауырсыну болған жоқ, қысымым қалыпты. Мен тіпті ұтыс ойынында тоқ шәйнек секілді сыйлық аламын деп күткен жоқпын. Өте қуаныштымын! Таныстарымның бәрін вакцина қабылдауға шақырамын, өйткені бәрімізге ұжымдық иммунитет қажет», — деді 69 жастағы зейнеткер Лариса Васильевна.

Елорданың тағы бір тұрғыны Бибігүл Ахметова вакцинациядан кейін сыйлық аламын деп ойламағанын атап өтті.

«Бүгін вакцинаның екінші компонентін алуға келдім. Ал алғашқы дозасынан кейін кері әсері болған жоқ. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Бұл жерде ұтыс ойыны өтеді деп күтпеген едім. Қатты таң қалдым. Сыйлық үшін рахмет!» — деді әйел.

Акцияны ұйымдастырушылар атап өткендей, ұтыс вакцинациядан өткен адамдарды ынталандырып, жақсы көңіл-күй сыйлау үшін өткізіледі.

Қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Перизат Шахманованың айтуынша, вакцинация пунктерінде Спутник V, QazVac және Hayat-Vax вакциналары ұсынылады. Егу пункті ашылғаннан кейін бір ай ішінде 300-ге жуық адам екпе қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, елордада КВИ-ға қарсы вакцинациялаудың 100-ден астам пункті ашылған: БМСК мекемелерінде, сондай-ақ ірі СОО-лар мен сауда үйлерінде. Олардың қатарында Mega Silk Way, Keruen, «Хан Шатыр», «Сарыарқа», Eurasia, «Әбу-Даби Плаза», «Азия Парк», «Биг Шанхай», Орталық базар, «Әлем» және «Астаналық» бар. Вакцинация пункттері демалыссыз сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сондай-ақ, халықтың жоғары белсенділігін ескере отырып, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көшпелі бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай вакцинациялауға кірісті.

Тағы да оқыңыз: