Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жарнама агенттіктерінің өкілдері, қала кәсіпкерлері және мемлекеттік мекеме мамандарының қатысуымен «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің жарнама және көрнекі ақпарат саласындағы қолданыс аясын кеңейту, жарнама мәтіндерінің сауатты әрі талапқа сай ресімделуін насихаттау, кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктері өкілдерінің тіл мәдениетіне деген жауапкершілігін арттыру.
Дөңгелек үстелде сала мамандары өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасап, мемлекеттік тілдің көрнекі ақпарат пен жарнамадағы қолданысына қатысты пікір алмасты.
Атап айтқанда, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов «Мемлекеттік тілдің көрнекі ақпарат пен жарнама саласындағы қызметі» тақырыбында баяндама жасады.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Алмат Өтегенов қалада мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Облыстық қоғамдық келісім және тіл орталығының тілдерді оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Жаныгүл Ерекешова «Сауатты жарнама – мемлекеттік тіл мәдениетінің көрсеткіші» тақырыбында баяндама оқыды.
Ал, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрсұлтан Баймырзаев қала аумағында сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты орналастыру талаптары және мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жөнінде түсіндірме берді.
Жиын соңында қатысушылар жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу, көрнекі ақпаратты заң талаптарына сәйкес орналастыру және тіл мәдениетін сақтау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, сала мамандары мен кәсіпкерлер арасында өзара тәжірибе алмасып, ұсыныстар айтылды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және тіл тазалығын сақтау – баршамызға ортақ міндет.
