Tauelsizdik

2026 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінде бөлімше командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарларына арналған оқу-әдістемелік жиын аясында «Сарбаздың өмірі маңызды: суицидтік қауіптің алдын алу және ерте анықтау» тақырыбында ақпараттық лекция өткізілді. 

Лекцияны «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының басшысы, психолог Света Сәтбайқызы жүргізді.

Лекцияның мақсаты – әскери бөлім командирлерінің суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, қауіп белгілерін ерте анықтау және сарбаздарға психологиялық қолдау көрсету бойынша білімін арттыру.

Кездесу барысында суицидтік қауіптің негізгі психологиялық және мінез-құлықтық белгілері, әскери ортадағы психологиялық күйзеліске әсер ететін факторлар, сарбаздардың жаңа ортаға бейімделу ерекшеліктері кеңінен түсіндірілді. 

Әсіресе сарбаздардың мінез-құлқындағы өзгерістерге, тұйықталу, оқшаулану, көңіл күйдің тұрақсыздығы, ұйқының бұзылуы және үмітсіздік сезімін білдіретін сөздерге бейжай қарамаудың маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар командирлерге сарбазбен сенімді қарым-қатынас орнату, оны айыптамай тыңдау, қажетті сұрақтарды дұрыс қою және қауіп белгілері анықталған жағдайда тиісті мамандарға уақытылы бағыттау жолдары ұсынылды. Шұғыл қауіп туындаған кезде сарбаздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық қызметке жедел хабарлау тәртібі де түсіндірілді.

Лекция барысында әскери қызметшілер арасындағы суицидтік жағдайларға қатысты статистикалық мәліметтер ұсынылып, жас сарбаздардың әскери ортаға бейімделу кезеңінде психологиялық қолдаудың маңыздылығы сөз болды.

Тақырыпты тереңірек түсіндіру мақсатында қатысушыларға нақты өмірлік жағдайға негізделген жағдаят ұсынылды. Командирлер сарбаздың мінез-құлқындағы өзгерістерді анықтау, онымен әңгімелесу және қауіп туындаған жағдайда қабылданатын алғашқы әрекеттер бойынша өз ойларын ортаға салды.

Кездесудің негізгі түйіні – суицидтің алдын алу тек психологтың міндеті емес, бұл әскери ортадағы әрбір жауапты тұлғаның ортақ міндеті екендігі.

«Сарбаздың үнсіздігі – оның бәрі жақсы дегенді білдірмейді. Кейде уақытында қойылған бір сұрақ, шынайы әңгіме және дер кезінде көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалуы мүмкін».

Адам өмірін қорғау, психологиялық қауіпсіз ортаны қалыптастыру және әрбір сарбазға дер кезінде қолдау көрсету – әскери ортадағы жауапкершіліктің маңызды көрінісі.

Сенімен Болашақ РҚБ Қызылорда облыстық филиалы

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: