«Сақтандырылған» мәртебесі әрбір азаматта болуы тиіс – Kyzylorda News
Басты бет

«Сақтандырылған» мәртебесі әрбір азаматта болуы тиіс

12.12.2019, 11:20

475 0

Kyzylorda-news.kz. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ел көлемінде енгізілуіне санаулы күндер қалды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «сақтандырылған» мәртебесімен әрбір азамат жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуы тиіс.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді. Аймақтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындығын қамтамасыз ету үшін жедел өзара іс-қимыл жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті.   

Жиналысқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департаментінің директоры Ілияс Бәкіров, сондай-ақ өңірлік штабтын мүшелері қатысты. 

«Медициналық сақтандыру жүйесі барлық төлеушілер үшін бірдей сенімді және тиімді. Азаматтар, жұмыс берушілер және мемлекет денсаулық үшін ортақ жауапкершілікте болады. Сонымен қатар, медициналық сақтандырудың барлық қатысушылары медициналық қызметтің бірыңғай сақтандыру пакетіне тең қолжетімділікке ие. Ешкім медициналық көмексіз қалмайды. Сақтандырылған азаматтар төленген жарналардың көлеміне қарамай, қымбат медициналық қызметтерді ала алады. Қазір заңсыз жұмыспен қамтылғандар үшін медициналық сақтандыру туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді өз баяндамасында Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры филиалының директоры Руслан Бектібаев.

Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі пакетіне медициналық қызметтердің базалық тізімі кіреді, ол ҚР барлық азаматтарына қолжетімді болады. Медициналық сақтандыру пакеті базалық көлемнен тыс медициналық қызметтердің кең көлемін қамтиды.  Оны сақтандырылған қазақстандықтар ғана пайдалана алады. Сонымен қатар,  ел азаматтарының басым бөлігіне қос пакет те қолжетімді болмақ. 15 жеңілдік санатына кіретіндер үшін мемлекет қаржы аударады (11 млн. қазақстандық үшін).

Руслан Бектібаевтың айтуынша, Қор келесі қағидаттар негізінде жаңа бастамаларды ескере отырып, медициналық көмекті жоспарлау бойынша жұмыс жүргізді. Мәселен, ТМККК шеңберінде бастапқы медициналық-санитарлық көмекті басым қаржыландыру қамтамасыз етілді. МӘМС жүйесінде мектеп медицинасын қаржыландыру қарастырылған, консультациялық-диагностикалық көмек пен медициналық оңалтуды қаржыландыру көлемі айтарлықтай кеңейтілді. Бұдан басқа, тариф құру кезінде есептемелерде дәрігерлердің еңбекақысын 30%-ға дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20% – ға дейін кезең-кезеңмен арттыру, өңірлердің демографиялық және эпидемиологиялық көрсеткіштерін, медициналық қызметтер мен халықаралық тәжірибені тұтыну көлемі ескерілді.

Филиал ТМККК және МӘМС шеңберінде қызметтер пакеттері және бизнес-процестербойынша оқу жұмыстары жүргізілді. Аймақта 132 оқыту тренерлері және 14 756 медицина қызметкерлері оқытудан өтті.

«Қазіргі уақытта Қордың «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі іске қосылды, ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Еңбек Министрліктерінің және медициналық ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Емхананың немесе аурухананың медициналық ақпараттық жүйесі «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесінен тұтынушының сақтандырылғаны немесе сақтандырылмағаны жайлы мәліметтерді сұратады. Соған қарай көмек кепілдендірілген тегін медициналық қызметтердің есебінен, я болмаса, кеңейтілген сақтандыру пакеті есебінен төленеді», – деп түсіндірді филиал директоры Руслан Бектібаев.

Сондай-ақ 1406 нөміріне хабарласып, медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сұраққа жауап алуға болады.  Қоңыраулар Қазақстан бойынша кез келген телефоннан тегін шалынады. 

0

Пікір қалдыру