Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлері және тиісті сала басшыларымен бірге Шиелі кентін аралап, аудан орталығының санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының жай-күйін бақылады.
Кент аумағын аралау барысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды үйлестіруді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындарға өз аулалары мен оған іргелес аумақтарды таза ұстау, ретсіз өскен шөптерді дер кезінде шабу, қоқысты белгіленбеген орындарға тастамау, тозығы жеткен жол белгілері мен өзге де нысандарды қалпына келтіру, абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Заң талаптарын бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.
Аралау барысында аудан әкімі бірқатар тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп, әрбір үй және кәсіпкерлік нысан иесі өз ауласы мен оған іргелес аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді. Аудан басшысы тұрғындарды есік алдындағы аумақтарды таза ұстап, ретсіз өскен шөптерді уақытылы шауып, туған жердің көркін сақтауға үлес қосуға шақырды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтау әрбір азаматтың заңмен белгіленген міндеті ретінде айқындалды.
Осыған байланысты Шиелі кенті әкімі аппаратының қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, кент аумағында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізуде. Рейд барысында тұрғын үйлердің аулалары мен оған іргелес аумақтарды талапқа сай күтпеген тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, тиісті ескертулер берілуде.

