maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Ас-ауқат – бұл тек тіршілік ету үшін қорек көзі немесе пайда табудағы кәсіп көзі ғана емес, бұл кей жағдайда  адам денсаулығына зақым келтіруі мүмкін қауіп болуы мүмкін. Ауру тасымалдағыш микроағзалар азық-түлік арқылы тез таралады. Сондықтан  мейрамхана, кафе, асханалардың кез келген қызметкері келушілерге зиян тигізбес үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды жақсы меңгеріп, орындауы тиіс. Осы тұста Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова тағамнан уланудан қалай сақтану керек екендігін айтты. 

Жалпы тағамнан уланудың топтық жағдайлары негізінен тамақ дайындау технологиялық процесінің бұзылуымен және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы міндетті талаптардың сақталмауымен байланысты болады. 

Ал Қызылорда облысында тағам нысандарының саны жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы аймақта 1901 тамақтану нысаны болса, 2022 жылы олардың саны 240-қа артып, 2141 нысанды құраған.  Оның ішінде 122-сі тағам өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындар мен өнеркәсіп ұйымдары, атап айтқанда сүт өндірісінде – 4, ет өндірісінде – 11, балық өндірісінде – 14, наубайхана – 49, астық өңдеу кәсіпорындары – 11, мұздатылған жартылай фабрикаттар кәсіпорындары – 2, кондитерлік кәсіпорындар – 9, алкогольсіз сусындар өндіретін өнеркәсіптер – 11, май өндіру кәсіпорны – 1 және 10 өзге де нысандар болса, қоғамдық тамақтану орындары – 506, сауда  кәсіпорындары – 1494, азық-түлік базарлары – 15 және 4 өзге де  тамақтану объектілері бар. 

Өткен жылдың көлемінде мұндай нысандарға ерекше тәртіп бойынша 223, жоспардан тыс 33 тексеру жүргізілген-ді. Санитариялық қағида талаптарына сәйкес тексеру барысында барлық тамақтану объектілеріне зертханалық-аспаптық құралдар қолданыла отырып, жарыққа, микроклиматқа, шуға, дірілге өлшемдер жүргізіліп, бактериологиялық көрсеткіштер бойынша тексерілген. 

«Тексерулер қорытындысы бойынша 61 нысан санитариялық талаптарға сәйкес келмеді. Олар тағам өндірісі-10, қоғамдық тамақтану-42, 5 сауда және 4 базар. Анықталған кемшіліктер бойынша 67 хаттама толтырылып, 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Жүргізілген тексерулер қорытындысымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы анықталған кемшіліктерді болдырмау және оларды жою негізінде 26 санитариялық ұйғарым берілді», - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.  

Маманның айтуынша, 2022 жылы Қызылорда қаласы орталығында қоғамдық тамақтану объектісімен байланыстырылған топтасқан тағамнан улану фактісімен 13 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жүгінген. Аталмыш науқастардың барлығы қала орталығында орналасқан тез дайындалатын қоғамдық тамақтану орталықтардың бірінде тамақтанғанын айтып шағым келтірген. Осыған сәйкес «Жаппай тағамнан улану» фактілерінің тіркелуіне байланысты Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қалалық полиция басқармасының қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 304-бабының 1-бөлігімен, яғни санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді абайсызда адамның улануына әкеп соғатын бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу туралы қаулысын басшылыққа алып, жедел тексеру жұмыстарын жүргізген болатын.

Нәтижесінде жоспардан тыс тексеру барысында бірнеше заң бұзушылықтар орын алған. Соның ішінде тамақтану объектісінің шаруашылық аймағында тұтыну қалдықтарын жинауға арналған контейнердің бетінің жабыны жоқ және қоршалмағандығы, шикізатпен жұмыс істейтін тамақтану,оның ішінде тез қызмет көрсету объектісінде ас үй ыдыстарын, мүкәммалды және көп айналымды ыдыстарды жуу және дезинфекциялау үшін араластырғыштар арқылы салқын және ыстық су келтірілген екі секциялы ваннасы бар бөлек жуу үй-жайларының немесе бөлмелерінің көзделмегендігі анықталған. Одан бөлек өндірістік үй-жайларда, тамақ өнімдерін сақтауға және өткізуге арналған үй-жайларда оларды тамақ өнімдеріне әйнектердің зақымдануынан және түсуінен қорғауды, жарқырауды тудырмайтын жарқылдың болмауын көздейтін шырақтардың түрлері пайланылмағандығы және салқын тағамдарды дайындауға арналған цехтарда  ауаны зарарсыздандыру үшін бактерицидті сәулелегіштермен қамтамасыз етілмегендігі белгілі болды. 

Сондай-ақ азық-түлік шикізатын және дайын тамақ өнімдерін бөлу үшін әріптік немесе түр-түске бөліп таңбалауды пайдалана отырып, өңделетін тамақ өнімдеріне сәйкес таңбаланған жеке бөлшектеу мүкәммалдарының (бөлшектеу тақтайлары, пышақтар) мақсаты бойынша пайдаланылмағандығы, температуралық-ылғалдылық режимінің сақталуын бақылау үшін тез бұзылмайтын тамақ өнімдерін, өндірістік үй-жайлар температураны, ауаның салыстырмалы ылғалдылығын өлшеуге арналған көрінетін жерде белгіленген, есіктер мен буландырғыштардан алыс бақылау-өлшеу құралдарымен жарақталмағандығы мен қойма үй-жайлары мен тоңазытқыш камералары стеллаждармен, тұғырықтармен жабдықталмағандығы тіркелген. 

Объектідегі жауапты адамдардың жұмыс ауысымы басталар алдында азық-түлік шикізатымен тікелей жанасатын персоналды, қол терісінің іріңді ауруларының және дененің ашық беттерінің (оның ішінде тері іріңдеп кесілген, күйік, инфекциялық аурулардың, жоғарғы тыныс жолдарының ауруларының белгілерінің бар болуына күн сайын қарап-тексеру жүргізбегендігі және тағам өнімдерін, шайындыларды микробиологиялық зерттеуде сәйкессіздіктер анықталғандығы нақтыланды. 

Анықталған кемшіліктер бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігімен 352 245 теңгеге әкімшілік хаттама толтырылып, кемшіліктерді жою бойынша ұйғарым берілген. 

«Тамақтан улану – ауру адамнан сау адамға жұқпайтын, кейбір микроорганизмдердің белгілі бір түрімен жаппай тұқымданған, табиғаты микробты және микробсыз, органикалық немесе органикалық емес уытты заттардың тамаққа түсуінен туындайтын жедел, кейде созылмалы ауру болып табылады. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаппай тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының таралуының алдын алу мақсатында бақылауды күшейту қажеттілігі туралы еске салды. Қазір мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталды. Бұл айда адамдардың басқосуы, ауызашар беру шаралары көбейеді. Ораза күндері денсаулыққа қауіп төндірмеу үшін тамақтану сапасына баса назар аудару қажет. Тамақтан улану қауіпін болдырмау және қауіп дәрежесін азайту үшін тағамнан уланудың алдын алуға бағытталған қарапайым, бірақ тиімді ережелерді сақтауды ұсынамыз», − дейді маман өз сөзінде. 

Оның ішінде санитар маман тағам сатып аларда қаптаманың тұтастығына, өндіру мерзіміне, жарамдылық және сақтау мерзіміне көңіл бөлуді,  қаптамада көрсетілген өндіруші ұсынған мерзімге дейін сақтауды, тағамды тек жаңа өнімдерден дайындауды және салатқа арналған көкөністерді кешкісін дайындап, салқындатып, тоңазытқышта сақтаңыз және ауызашар басталуына 2 сағат қалғанда турап, ұсынар алдында араластыру қажет екенін ескертеді. 

«Одан бөлек кондитерлік өнімдерді, кремді торттарды бөлмеге алдын ала қоймаңыз, сақтау барысында температуралық режимді сақтаңыз, ауызашар дастарқанынан кейін тез бұзылатын тағам қалдықтарын тастап және жаңадан дайындаңыз тағам дайындау барысында температуралық режимді сақтаңыз, жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз; тағам дайындау барысында жеке бас гигиенасын сақтаңыз, үй жағдайында дайындалған консервіленген көкөністерге ерекше назар аудару қажет. Сапасыз жасалған консервілерде ауру қоздырғыштарының өмір сүруі үшінқолайлы микробтар улы токсиндер бөледі. Бұл токсиндер ағзаға енген жағдайда ботулизм ауруы туындап, асқынуынан өлімге әкелуі мүмкін. Консерві қақпағының бүлінгені (бомбаж) байқалса немесе өнімнің сапасына қандай да бір күдік туындаса өнімді қолданудан бас тартыңыз», − дейді санитар дәрігер.

Сонымен қатар тағамнан уланудың алдын алу үшін азаматтар төмендегі қағидаларды да ұстануы аса маңызды:

-көшеде кездейсоқ рұқсат етілмеген жерден үйде дайындалған консервілерді, сондай-ақ үйде дайындалған ет және балық өнімдерін сатып алудан бас тарту. 

- респираторлық және асқазан-ішек ауруларының белгілері бар науқастардың тамақ дайындауына жол бермеу; 

- үйде жеке гигиена ережелерін және ыстық, суық тағамдарды дайындау технологиясын сақтау;

- шикі және дайын өнімдерді өңдеу үшін жеке пышақтар мен кесу тақталарын пайдалану; 

- көкөніс, жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуу; 

- салат, тартылған ет өнімдерін аз мөлшерде дайындап, бір күннен артық сақтамау; 

- піскен және шикі тамақтарды бірге сақтамау; 

- тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізу; 

- тортты тоңазытқышта сақтау; 

- қоғамдық тамақтану орындары қызметкерлері уақытылы медициналық бақылаудан өтіп отыруын қамтамасыз ету қажет.

Тағы да оқыңыз: