Kyzylorda-news.kz. 23 маусым – мемлекеттік қызметкерлер күні. Бұл күн – ел дамуына үлес қосып, мемлекеттік салада сан түрлі маман иесі атанған жандар үшін айтулы мереке. Бүгінде сол мемлекеттік қызметкерлердің арасында кәсіби маман болып, білім мен біліктілігін арттырып жүрген ер азаматтарымыз ғана емес, бәсекеге қабілетті, қоғам алдында белсенді, ұяңдығы мен мықтылығын ұштастыра білген нәзік жанды аруларымыз да жетерлік. Солардың бірі – аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «мүгедек және ардагерлермен жұмыс жасау секторының» бас маманы Сандуғаш Жапбарқызы.
Дана халқымыз «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөзді бекер айтпаса керек-ті. Мұның астарына терең бойлайтын болсақ, көп мағынаны ұғына аламыз. Демек, әйел адамның тек шаңыраққа шаттық сыйлап, асыл жар, аяулы ана ғана болып қоймай, елмен етене жақын араласып, қоғаммен қатар дамып, мемлекет дамуына да өз үлесін қоса алатынын түсінеміз. Бұл – олардың бәріне үлгере алатынын, әлемді өзгертетінін, бәріне шыдайтынын көрсетеді. Иә, әйел – қырық шырақты. Қазақ оны «Әйелдің қырық жаны бар» деп бір ғана сөзге сыйғызады. Түптеп келгенде әйел затына айтылатын теңеу де, мадақтау да көп. Айтып отыра берсек, сөз жетпейді. Біздің де айтарымыз – олардың мықтылығы. Айналамызға көз салып қарайтын болсақ, бүгінде нәзік жандылардың тек үйде ғана емес, ерлермен қатар еңбек етіп жүргенін байқаймыз. Әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген нәзік жандардың көптігін көреміз. Бүгін біз мемлекеттік қызметкерлердің қатарында құрметке бөленіп жүрген ауданның іскер әйелдерінің бірі Сандуғаш жайлы қалам тербемекпіз.
Сандуғаш Жапбарқызы – тұрмыстағы қарапайым ғана келіншектің бірі болса, өз саласында аянбай еңбек етіп жүрген іскер әйелдердің қатарында. Бізге де мемлекеттік қызметкерлер күні қарсаңында ауданның абыройын арттырып, мемлекет дамуына үлес қосып жүрген майталман маман жайлы мардымды мақала жазбау өзімізге сын болар дедік. Ең әуелі ол туралы өткенге көз жүгіртіп, шолу жасап көруді жөн көріп отырмыз.
1976 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүние дидарына келген Сандуғаш Айтжанова бала күнінен білімге құштар болған жанның бірі. 1982 жылы №219 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған күннен бастап кейіпкеріміз ілім ізденіп, білім жолында барын салды. Оқу ордасында өз қатарластарымен бірдей оқыса да, ол озат оқушы болып, үздіктердің қатарынан көрінді. Ал 1993 жылы аталған мектепті тәмамдаған соң «Қызылорда медициналық колледжіне» оқуға түсіп, жаңа өмірге қадам басты. Медициналық колледжде де өзінің мықтылығын көрсетіп, көзге түсе бастады. Жас болса да біраз нәрсені білетін студент қыз көптеген іс-шараларға қатысып, жүлделі орындар иемденді. 1997 жылы колледжді тәмамдаған соң Сандуғаш ең алғашқы еңбек жолын 1998 жылдан бастап 2000 жылға дейін Шиелі аудандық ауруханасының «Жан сақтау» бөлімінде мейіргер болып бастады. Содан соң 2001-2004 жылдары «Әдемі тіс» мекемесінде медбике болып жұмыс істеді. Ал 2004 жылдан бастап Шиелі аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы, психолог-дәрігер қызметін атқарды. Сондай-ақ 2005 жылға дейін ауданның басқару құрылымының өзгерістеріне сәйкес, аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маман, психолог-дәрігері қызметін де абыроймен атқарады. Иә, кейіпкеріміздің бір мекемеде жүріп-ақ абыройлы еңбек еткенінің арқасында қызметі өсіп, дәрежесі жоғарылай берді. Оған дәлел – Сандуғаш Жапбарқызының түрлі қызметте жүріп, тынымсыз тірлік еткені. Ол аз десеңіз 2005-2015 жылдар аралығында Шиелі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектер және ардагерлермен жұмыс істеу бөлімшесінің бас маман, психолог-дәрігері болып та еңбек етті. Жалқаулықты жат көретін жан 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мүгедек және ардагерлермен жұмыс жасау секторының бас маманы қызметін ойдағыдай атқарып келеді. Сандуғаштың бүгінде медицина саласында да, мемлекеттік қызметте де өз орны бар. Бір емес, бірнеше саланы меңгерген оның бойында шынында да мықтылықтың бар екеніне еш күмән келтіре алмайсың. Тіпті ол бір ғана маман иесі емес, 2010 жылы Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен «Экономика» бағытын бітірген жан.
Сан саланы меңгеріп, адамдарды тең көріп, қарапайымдылығымен елді сүйсінтіп жүрген Сандуғаштың мемлекеттік қызметте жүргені – тек өзінің ғана емес, ауданның да абыройы. Жасыратын несі бар? Арамызда қызметте жүрсе де, өз жұмысына немқұрайлы қарайтындар көп қазір. Ал біз Сандуғаш Айтжанованы нағыз білікті маман деп айтар едік. Ол – істің көзін тапқан, ілкімді жұмыстар атқарып, ізденісте жүрген іскер әйел. Отбасында да, қызметінде де абыройлы болған ол бүгінде күміс алқаны иемденген көпбалалы әйелдердің бірі. Ендеше, біз де көптің көңілінен шығып, қызметіне жауапкершілікпен қарап жүрген «Күміс алқа» иегерінің алдағы жоспарларына сәттілік тілейміз!