Kyzylorda-news.kz. Банктік салымдар  – ақшаны жинақтау мен пасситік кіріс алудың кеңінен тараған түрлерінің бірі. Депозит сияқты ақша сақтаудың  қарапайым тәсілінің де қыр-сыры бар.

Fingramota.kz аталған қаржы құралын қалайша тиімді пайдалануға және салым бойынша сыйақыны жоғалтпау тәсілі жөнінде айтып береді. 

Салымдардың қандай түрлері болады 

Қазақстанда Депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) әдіснамасы бойынша салымдар мынадай түрлеге жіктеледі:

мерзімді емес;
мерзімді -  толықтырылатын және толықтырылмайтын;
жинақ -  толықтырылатын және толықтырылмайтын.
Әрбір банкте салымдар ақша қаражатын басқару, оның мерзімдері, пайыздық мөлшерлеме талаптары бойынша бөлінеді. Олар, мәселен, белгіленген немесе айнымалы пайыздық мөлшерлемемен, мерзімінен бұрын алу немесе ондай мүмкіндіксіз, салым сомасына шектеулермен және т.б. болуы мүмкін. Толығырақ қарастырып көрелік.

Мерзімді емес депозит. Бұл Қазақстандағы неғұрлым кеңінен тараған депозит түрі. Мұндай депозиттің мобильді болуына байланысты, оны кез- келген ыңғайлы уақытта толықтыруға немесе сыйақыны жоғалтпай ақша алуға (төмендетілмейтін қалдық шегінде) болады. Сыйақы мөлшерлемелері, әдетте, Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесіне жақын болды. Базалық мөлшерлеме – елдің ақша-кредит саясатының негізгі құралы болып табылады, ол бойынша Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктерге кредиттер береді, олардың ақшасын сақтауға қабылдайды, сондай-ақ елдегі инфляцияның деңгейіне әсер етеді. Мысалы, егер сыйақының базалық мөлшерлемесі төмендесе, онда кредиттер мен депозиттер бойынша банктердің мөлшерлемелері де біртіндеп төмендейді.

Мерзімді емес салымдар деп аталуына қарамастан, салымның қолданыс мерзімі болады – ол белгілі бір кезеңге сыйақы мөлшерлемесін белгілейді. Мәселен, салымды бір жылға орналастырған кезде – мөлшерлеме бір жыл бойы өзгермеген түрде қалады.

Мобильділік: шарттық мерзіміне қарамастан, салымшы ақшаны кез-келген уақытта ала алады. Капиталдандыру: ол салымның түпкі кірістілігіне әсер етеді. Мерзімсіз салымдар бойынша банк негізгі екі нұсқа ұсына алады: сыйақыны жеке банктік шотқа немесе карточкаға төлеу немесе капиталдандыру. Бұл есептелген пайыздарды салым сомасына автоматты түрде қосу. Күрделі пайыздардың көмегімен сіз салымдағы қаражатты көбейте аласыз деп айтқан кезде, олар капиталдандыру туралы айтып тұр деп түсіну керек. Депозиттегі сома есептелген пайыздар есебінен өседі, ал келесі кезеңде банк осы өскен сомаға пайыздарды есептейді.

Егер сіз жеке шотқа төлем жасалғанын қаласаңыз, онда сыйақы номиналды мөлшерлеме бойынша есептеледі. Бұл қарапайым пайыз: салымның қалдығы мөлшерлемеге көбейтіледі де сыйақы сомасы алынады.

Мерзімді депозит – жинақ және мерзімді емес салымдар арасындағы аралық нұсқа. Бұл салым ақшаны толығымен де, сыйақыны ішінара жоғалта отырып, ішінара да алуға мүмкіндік береді. Бірақ егер сіз депозитте ақшаны салым мерзімі аяқталғанға дейін сақтасаңыз, онда сыйақы мөлшерлемесінің көтерілуі есебінен шығынды өтеп аласыз. 

Мерзімді салымды таңдай отырып, сіз жоғары мөлшерлеменің арқасында тезірек жинақтайсыз және төтенше жағдайда мерзімді салымға орналастырылған ақшаны пайдалану мүмкіндігін сақтай аласыз.

Банктерде үш айдан басталатын мерзімге толықтырумен және толықтырусыз мерзімді салымдар ашуға болады. Стандартты нұсқа – бұл бір жылға ашылған салым. Ақшаны мерзімінен бұрын алмаған дұрыс, өйткені ақша банкте сақталған кезеңде есептелген кіріс ішінара ғана сақталады. Мұндайда сыйақы мөлшерлемесі айтарлықтай төмендеуі мүмкін – депозит ашпас бұрын осыған назар аударыңыз.

Жинақ депозиті – бұл теңгелік салымдар арасында ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бар қайтарылмайтын депозит. Нарықтағы мөлшерлемелер өзгеруі мүмкін, бірақ жинақ салымдары бойынша олар әрқашан жоғары. Мұны ең қатаң шектеулер үшін өтемақы деп қарастыруға болады: бұл салымнан ақшаны мерзімінен бұрын алу сұрау салғаннан 30 күн өткен соң ғана мүмкін болады, ал есептелген сыйақы сомасы түгелдей дерлік жойылады.

Сыйақы мөлшерлемесі жинақ салымының қолданылу мерзіміне тікелей байланысты. Жинақ салымдарын толықтырумен және толықтырусыз ашуға болады. Айтпақшы, толықтырылған жинақ салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі әдетте толықтырусыз жинақ салымдарына қарағанда төмен болады.

Кез келген банктің стандартты ұсыныстары – бір жыл, екі жыл және үш жылды құрайды, бірақ бірнеше айға ашуға болатын ұсыныстар да бар. Жинақ салымынан ақшаны мерзімінен бұрын алу өте тиімсіз – сіз есептелген кірісті жоғалтасыз.

Банк салымы қандай мерзімге ашылуы мүмкін

Салымдар кез келген мерзімге ашылуы мүмкін және оны кез келген уақытта толықтыруға болады. Толықтыру мүмкіндігі бар салымдар бойынша мөлшерлемелер, әдетте, осы опциясыз қарағанда төмен. Пайыздар ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын немесе шарт мерзімі аяқталғаннан кейін есептелуі мүмкін.

Қазіргі уақытта депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері қандай

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚДКҚ ай сайын агрессивті депозиттік саясатты жүргізуге бейім банктердің белгілі бір санаты үшін мерзімдер бойынша  депозиттердің барлық түрлері бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін белгілейді. Жалпы алғанда, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді белгілеу үшін бағдарды нарық қалыптастырады.

Банктер, бұрынғыдай, өздерінің депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді дербес белгілейді, бірақ бұл ретте жүйелік тәуекел үшін жарнаны банктің мөлшерлемесі мен орташа алынған нарықтық мөлшерлеме арасындағы спредке байланысты төлейді: банк мөлшерлемелерінің нарықта қалыптасқан мөлшерлемеден ауытқуы неғұрлым көп болса, оның болашақ төлемдер үшін ҚДКҚ резервіне жарнасының мөлшері де соғұрлым көп болады. Сонымен қатар, егер банктің мөлшерлемесі орташа нарықтық мөлшерлемеден төмен болса, жаңа тетік арқылы резервке күнтізбелік жарналардан дисконт көзделген, нәтижесінде ҚДКҚ үшін барлық қатысушы банктер бойынша жүйелік тәуекел үшін жарнаның жалпы мөлшері нөлге тең болады. Яғни, депозиттерді нарықтан қымбат тартатын банктер нарықтық мөлшерлемелерден төмен тартатын банктердің орнына «төлейді». Осылайша, нарық өзін-өзі реттейтін болады және нарықтағы мөлшерлемелердің одан әрі қозғалысы әрбір жеке банктің шешімдерінен құралады, ал жүйелік тәуекел үшін икемді және тепе-тең төлемді белгілеу ҚДКҚ мен реттеушінің директивалық араласуынсыз банктердің агрессивті депозиттік саясатын шектеуге мүмкіндік береді.

Банк салымдары қалай қорғалған

Көптеген елдерде банк банкроттыққа ұшыраған жағдайда салымшыларға белгілі бір соманы өтеуге кепілдік беретін депозиттерді сақтандыру жүйелері бар. Яғни, банк қаржылық қиындықтарға тап болса да, сіздің депозиттік сомаңызды белгілі бір шекті деңгейге дейін мемлекет қорғайды.

Қазақстанда мұндай функцияны ҚДКҚ орындайды. Қор депозиторларға салымдарды белгіленген сомаға дейін өтеуге кепілдік береді. Бұл 20 млн теңге – теңгедегі жинақ депозиттері (салымдары) бойынша; 10 млн теңге – теңгедегі басқа депозиттер бойынша және ағымдағы шоттар мен карталардағы қалдықтар бойынша; 5 млн теңге – шетел валютасындағы ағымдағы шоттар мен карталардағы депозиттер мен қалдықтар бойынша.

Бұл ретте салымшы бір банкте бірнеше депозит ашқан болса, сондай-ақ оның ағымдағы және карточкалық шоттарында ақша және шетел валютасындағы қосымша салымы болса, онда өтемақы төлеу кезінде осы сомалар қосылады да, нәтижесінде олар бойынша әрбір депозит түрі бойынша белгіленген шектеулерді есепке ала отырып, 20 млн теңгеден аспайтын кепілдік берілген өтемнің жиынтық сомасы төленетінін есте ұстаған жөн.   

Мысалдар: 

1. Егер салымшының банкте жалпы сомасы 22 млн теңгеге екі жинақ салымы болса. Бұл жағдайда кепілдік өтемінің жиынтық мөлшері 20 млн теңгені құрайды.

2. Егер салымшының банкте депозиттің үш түрлі түрі болса: 5 млн теңге сомадағы теңгемен жинақ салымы; 10 млн теңге сомадағы теңгемен мерзімсіз салым; баламасы 5 млн теңге сомадағы шетел валютасымен салым.Бұл жағдайда кепілдік жиынтық өтемінің мөлшері 20 млн теңгені құрайды.

3. Банкте салымшының теңгемен мерзімді емес депозиті бар, ол жиі толықтырылып және қажет болған жағдайда алынып отырады. Аталған шотта орта есеппен 500 мың теңге бар. Сондай-ақ 14 млн теңге мөлшеріндегі жинақтау салымы мен доллардағы шот бар, онда 5 млн теңге баламасындағы сома орналастырылған. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде салымшы 19 500 000 теңге мөлшеріндегі кепілді өтемақының жиынтық сомасын алады: 14 млн теңге – теңгемен жинақтау салымы бойынша, 500 мың теңге – теңгемен мерзімді емес депозит бойынша, сондай-ақ шетел валютасындағы шот бойынша – 5 млн теңге.

Fingramota.kz-тің салым таңдау бойынша кеңестері 

Депозит түрін таңдау сіздің қаржылық мақсаттарыңызға, тәуекел деңгейіне және өтімділікке деген мұқтаждыққа, яғни құралдардың қолжетімділігіне балйанысты. Салымның қорғалуын, сондай-ақ ықтимал кірістерді ескеру қажет. 

Инвестициялаудың негізгі қағидасын сақтай отырып, ақшаны бірнеше банкке орналастырыңыз – әрбір банкке ҚДКҚ бөлек кепілдік беруіне орай барлық салымдарды бір жерге орналастырмаған дұрыс.   

Егер сіз салымнан ақшаңыздың бір бөлігін алуды жоспарламасаңыз, оны неғұрлым жоғары пайызбен, мысалы жинақ депозиті арқылы инвестициялау мүмкіндігін қараңыз.

Жинақ салымдары мен мерзімді салымдар бойынша сыйақы сомалары жоғары болуына қарамастан, мерзімсіз салымда жақын арада қолдануды жоспарлап отырған соманы қалдырыңыз. Мерзімсіз салым – резерв, ал жинақ салымы – инвестиция.

Мерзімді ұзарту кезінде банк сыйақы мөлшерлемесін ҚДКҚ шекті мөлшерлемелеріне бейімделе отырып өзгертуге құқылы. Сыйақы шарт бойынша салым мерзіміне ғана бекітіледі.

Депозит ашу туралы шешім қабылдай отырып, сіз салмақты шешім қабылдау үшін банк менеджерлерінен қосымша консультация ала аласыз. 

Осы ұсынымдарды сақтай отырып, сіз өз қаржыңызды неғұрлым тиімді басқарып, тәуекелдерді барынша азайта аласыз.  


Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

 

Тағы да оқыңыз: