Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жалпы бұл заңнан қандай пайда бар? Қарапайым халық жаңа салық кодексінің игілігін көре ме? Кодексті жаңартқаннан ұтамыз ба, ұтыламыз ба?

Жаңа кодекс – жаңа реформаға жол

Ақорданың сайтындағы ақпаратқа сенсек, Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Нақтыласақ, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады екен. Мамандар бұдан бөлек  салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады деп отыр. 

Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды. Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз.Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері ҚҚС-тан босатылады, – делінген Ақорда таратқан мәліметте.

Біз өз кезегінде жаңа салық кодексін әзірлеу барысында ұсыныс білдірген Мәжіліс депутаттарының да пікірін шолып шыққан едік. Соның бірі – Берік Бейсенғалиев. Халық қалаулысының Аbai.kz-те жарияланған пікірінде Кодекс жобасы бойынша жұмыс тобының 52 отырысы өткені баяндалған. Оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың қатысуымен 8 тақырыптық отырыс және қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілгенін атап өткен. 

– Бұл жан-жақты тәсіл реформаның негізгі аспектілерін тереңірек талдауға және әртүрлі мүдделі тараптардың пікірін ескеруге мүмкіндік берді.Ағымдағы жылы Үкімет салық-бюджет реформасын жүргізуге бағытталған заңнамалық бастамалар пакетін енгізді. Депутаттық корпус Үкіметпен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп барлық өзекті мәселелер бойынша тәсілдерді талқылау және келісілген шешімдер әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді.Жалпы ұсынылған өзгерістер инвестициялық ахуалды жақсартуға және ел экономикасының өсуіне ықпал ететін неғұрлым икемді және тиімді салық салу жүйесін құруға бағытталған. Ілеспе заң жобасымен Кодекс жобасына сәйкес келтіру мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, – дейді мәжілісмен.

Мәжілістегі ауқымды жобаның бірі

Мақаланың әлқиссасында қарапайым халыққа пайдасы жайлы сөз қозғадық қой, енді осы мәселеге тоқталайық. Жаңа кодекс бойынша жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15 пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады екен. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер де осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70 пайыз жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5 пайыз салық салынады.

– Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.Салықтық әкімшілендіру тәсілдері айтарлықтай өзгереді. Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігін беру процедуралары жеңілдетіледі. Салық берешегі аз болса, бизнестің есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады, – деп жазылған Ақорда таратқан ақпаратта.

Аталған деректі негізге алсақ, қымбат көлік пен мүлікке де, үйге де арнайы салық салынатын болып тұр ғой. 
Мәжіліс депутатыМархабат Жайымбетов қабылданған құжаткөптің үміті мен сарапшылардың пікірі тоғысқан, ел мүддесін көздеген реформа нәтижесі екенін жазды өзінің фейсбук парақшасында. Депутат салық жүйесі енді ашықтық пен әділеттілікке негізделіп, салық төлеушіге серіктес ретінде қарауға көшкенін мәлім етті.

– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңғыртылған жүйе салық салудағы ауыртпалықты жеңілдетуге және әділет пен айқындықты басшылыққа алуға бағытталып отыр. Мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенім енді салық саясатында нақты көрініс табуда.Мәжілістегі ең ауқымды жобалардың бірі – жаңа Салық кодексі болды. Мұндай құжат бұрын-соңды соншалықты кең талқыланбаған шығар. 300-ден аса маман мен сала өкілі қатысып, өз ойларын айтты. Мен де жұмыс тобының мүшесі ретінде осы процесте болдым. Әр ұсыныс нақты өмірмен ұштасып жатты. Заңның әр жолы, әр бабы - қоғам тынысының көрінісі екенін терең сезіне отырып, өмірлік тәжірибелер мен салалық қажеттіліктерді ескеруге тырыстық. Талқылау барысында салықтық жеңілдіктерді қайта қарау негізгі бағыттардың бірі болды. Жеңілдік тек артықшылық емес, қажетке бағытталған әділет тетігі. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты салықтық қолдаудың сақталу маңызын нақты көтердім. Өйткені жерге қарап тіршілік еткен жұрттың бейнеті мен еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс. Агроөнеркәсіп үшін 3 пайыздық корпоративтік табыс салығының сақталуы – фермерлердің маңдай теріне деген құрмет. Ауылдағы еңбек өнімділігі мен азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бұл шешім ел ертеңін ойлаған қолдау деп қабылданды. Бұл тек біреусі ғана, бұдан басқа көптеген ұсыныстар болды. Кеңінен талқыланды. Салықтардың саны қысқарып, есептілік жеңілдеді. Кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері үшін қағазбастылық азайып, нағыз өндіріске ден қоюға жол ашылды, – деп атап өтті халық қалаулысы.

Баспасөзге де қолдау бар

Құжатта мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10 пайыз деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленетіні жазылған. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов баспа басылымдары үшін бұл нақты қолдау деп отыр.

– Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Енді олар үш жағдайда қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін.Баспа басылымдарына 10% ҚҚС — нақты қолдау. Біз әріптесім Нартай Сәрсенғалиев екеуіміз отандық баспа басылымдарына жеңілдіктер мен ҚҚС мөлшерлемесін азайтуды ұсындық.Бастапқыда бұл бастама қолдау таппаған. Бірақ бүгін Сенат оны да қабылдады. Енді баспа өнімдеріне ҚҚС тек 10%.Бұл дегеніміз –  мектеп газеттерінен бастап, аудандық және республикалық журналдарға дейінгі барлық баспа басылымдарына нақты көмек, – деп жазды депутат Аймағамбетов фейсбук парақшасына. 

Сөз соңы

Жаңа салық кодексі тиім де, тиімсіз бе, ұтамыз ба, ұтыламыз ба, оны уақыт көрсетеді. Неде болса 2026 жылдың қаңтарынан бастап кодекс күшіне енеді. Оның қоғамға әкелер жаңалығы да, ел күткен игілігі де аз болмайды деп сенейік.  

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: