Kyzylorda-news.kz Өнер – жастан. Өмір есігін ашқан әрбір жанның Құдай берген дарыны немесе өнері болады. Соны дұрыс таба білген, өнерлі жан өмірден де өз орнын табады. Өнер адамның әрбір кезінде берілуі мүмкін. Десе де, қолы шебердің көпшілігі балалық шақтағы қызығушылықтан туғанын алға тартады. Соның бірі – Қуаңдария ауылының тұрғыны Салтанат Қисықова. Әңгімемізге арқау болғалы отырған кейіпкерімізбен Қуаңдария ауылына іс-сапар барысында танысқанбыз. Ол ауылдық клуб үйінде техникалық қызметкер, әрі ондағы түрлі бұйым мен киімдерді тігетін қолөнер шебері.

Қолөнер – қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұрасы. «Шеше көрген тон пішер» демекші, кейіпкеріміз осы асыл мұраны Түрмегүл әжесінен бойына сіңіріп өскен. Әжесі түрлі бұйымды тігетін шебер болыпты. Тіпті киіз басып, сырмақ сырған.

– Қолөнер шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. 13 жасымнан бастап қолөнерге әуес болдым. Сол уақыттағы қызығушылығым бүгінгі ісіме айналды. Бір көрген дүниемді, дәл солай етіп жасап бере аламын. Сондай-ақ қолдан түрлі бұйым жасағанды өзім қатты жақсы көремін. Қазір жұмысыммен қатар тапсырысқа құрақ көрпеше тігемін, көп жағдайда киім қысқартамын, – дейді шебер.

 Өнерлі жан өзіне ғана емес, өзгеге де бақыт сыйлай алады. Өнердің кереметтігі сол өнерлі жанның өмірін нұрландырып, соның игілігіне қызмет етеді. «Өнер – адамның рухани азығы, ол – халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» дейді Бауыржан Момышұлы. Жұмыста қызметкер, шебер болса, Салтанат үйде ұл мен қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Ісмер ананың перзенттері де өнерден құр алақан емес. Үлкен қызы Ақерке ою ойып, тігін машинасына отырып құрақ құрауға ниетті. Бұл отбасынан қанға сіңген қолөнердің атадан-балаға, анадан-қызға дарып отырғанына куәміз.

– Өмірімен өнерін біріктірген тұлғаның нағыз бақытқа жетері хақ. Жасаған ісіңе бар мейіріміңді берсең, нәтижелі болары анық. Ал ол нәтижеге халық оң бағасын беріп, алғысын айтса ол мен үшін үлкен мәртебе. Ел игілігі үшін, олардың қуанышты жүздері үшін еңбек етуге қашанда даярмын, – дейді ол.

Өмірде екі түрлі байлық бар болса, бірі – білім, екіншісі – өнер екен. Сондықтан да, халқымыздың қолөнері ұлттығымыздың қайнар бұлағы екені рас. Ол жылдан-жылға жаңарып даму үстінде. Қолөнердің ұмыт қалмай жаңа заманға сай жаңаруына осындай шеберлердің қосқан еңбегі өлшеусіз. Осындай жандар барда, қазақ қолөнері заман көшіне ілесіп, халқымыздың асыл мұрасы ретінде дами бермек.

Тағы да оқыңыз: