Kyzylorda-news.kz. Отбасындағы әке, ана, бала ошақтың үш тағаны секілді бірін-бірі толықтырып тұрады. Олардың ынтымағы, түсіністігі, бір-біріне деген сүйіспеншілігі барлық кедергіден алып шығады.

Халықаралық отбасы күніне орай «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен облыста алғаш рет «Ойтөбе» отбасылық зияткерлік квест ойыны өтті.  Жобаның мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы мен отбасы құндылығын насихаттай отырып, қарым-қатынасты нығайту.

Сайысқа 4 адамнан құралған 17 отбасы қатысты. Олар «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер», «Батыр бабалар», «Сыр елі – жыр елі»,  «Зиялылар»,  «Салтын сақтаған Сыр елі» секілді 50 сұрақтан тұратын 5 кезең бойынша бақ сынады.

Шарт бойынша қатысушы топтар қазақ халқының дара тұлғалары, салт-дәстүр, ел тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ойын барысы туралы мағлұматтарды арнайы хэштегпен әлеуметтік желіде бөлісіп отырды.

Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша 1-орын Қашқынбаевтар отбасына, 2-орын Каукеновтер отбасына, 3-орын Байділдаевтар отбасына табысталды.
«Сыр – Ана» монументінен бастау алған зияткерлік ойын «Анаға тағзым» орталығында қорытындыланды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысушыларға Алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар табыстады.

– Осындай ауқымды жобаға талап білдіріп, қатысудың өзі – үлкен жеңіс. Ойын барысында да бір-біріңізді қолдап, көмек көрсету отбасы ынтымағын танытады. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді басқарма басшысы.

Жиын соңында «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанова сөз алып, байқауға белсенді қатысқандарға жылы лебізін білдірді.
 

Тағы да оқыңыз: