Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданына қарасты қазіргі Қара иірім разъездінде кезекші болып еңбек ететін Ердібек Ақмырзаұлы салаға серпін берген білікті мамандардың бірі. Еселі еңбегінің арқасында абыройы артып, еңбегі еленіп те келеді. Қанша жылдан бері саланың ыстық-суығына төзіп, қиындығына қарамастан жауапкершілікпен жұмысын жасайтын Ердібек ағамыз өзінен кейінгі жастарға да тәжірибесімен бөлісіп отырады. Біз барғанда ағамыз да жұмыс орнынан табыла кетті. 

1960 жылы Жалағаш кентінде өмірге келген Ердібек, 1967 жылы Дәуімбай елді мекеніндегі №202 мектептің табалдырығын аттап, 1977 жылы жақсы деген бағамен бітіріп шығады. 1978 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырту алады. Чехославакияда әскери борышын абыроймен өткеріп, 1980 жылы ауылға оралады. 

– Әскерден келген соң екі қолға бір күрек тауып, еңбек етуді жөн көрдім. Қандай жұмыс жасасам деп көп ойланбадым. Себебі кішкентайымнан көргенім шойын жолдың бойы, отбасымызда әкеміз Қалыбай Құдайбергенов теміржол саласында абыроймен еңбек етті. Оған қоса атам Тоқмырза мен апам Саракүл де осы саланың ардагерлері. Міне сол кісілердің жолын қуып, менде ойланбастан теміржол саласына келдім. Теміржол еліміздің экономикасының күретамыры дегенге толықтай келісемін. Өйткені теміржол барған аймақ дереу гүлденіп, жайнап шыға келеді. Бірақ сондай нәтиженің артында үлкен маңдай тер мен еңбек жатады. Ал адам ішінен соған дайын болмаса, ол нағыз теміржолшы бола алмайды. Сондықтан осындай кәсіпті қыстың қырауы, жаздың аптабы демей абыроймен атқарып келе жатқан әріптестерімнің еңбегіне тек қана табыс тілеймін, – дейді Ердібек Маханбетов.

1981 жылы жұбайы Гүлсім апамызбен отау құрған сала майталманы қазіргі таңда 5 бала өсіріп, үлгілі отбасылардың бірі болып отыр. Жігітке жеті өнерде аз дегендей, Ердібек ағамыз жұмыспен қоса өздерінің отбасылық кәсіптерін де дөңгелентіп отыр. Кентте «Алихан» деген атаумен қоғамдық монша, шаштараз сынды әлеуметтік маңызы бар сервистік орталығы жұмыс жасап тұр. Әке орнын басқан Ерді¬бектің теміржолда еңбек еткеніне биыл 42 жыл болыпты. Қаңтар айында ағамыз зейнеткерлікке шығатын көрінеді. Әріптестері «Иә, қуанарымызды, не мұңаярымызды білмейміз» дейді күліп. Әрине осындай білікті де жауапкершілігі мол маманнан қай сала болса да айырылғысы келмейтіні рас. Бірақ Ердібек ағамыз ендігі жол жастарда, 40 жылда жиған тәжірибемді жастармен бөлісуге, үйретуге қашанда дайынмын дейді. Елге сыйлы, ұжымдастарына қадірлі азамат біліктілігімен еленген. Еселі еңбегінің арқасында бірнеше алғыс хаттармен қоса, сала үздігі деген медалімен марапатталған. 

– Мен бақытты адаммын. Өйткені өзім қалаған мамандықпен жұмыс жасадым. Бала кезде теміржолшы болуды армандайтынмын. Осы салада қызмет еттім, тер төктім, Аллаға шүкір. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңында барлық теміржолшыларды төл мерекесімен тағы да құттықтаймын, – деп барлық әріптестеріне алғысын жеткізді теміржолшы Ердібек Ақмырзаұлы.

Тағы да оқыңыз: