Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Сайлаубай Әбішев пікір білдірді.
Халқымыздың бірлігі – болашағымыздың кепілі.
Халық бұл жолдаудан көп үміт күтеді. Жаңа Қазақстан құру жолындағы бүкіл мемлекеттік құрылым басшыларының халық алдындағы жауапкершілігін одан әрі күшейтуге мемлекет басшысының баса назар аударғаны түсінікті. Себебі, елімізде қордаланған мәселелер жеткілікті, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалана отырып, әрбір атқарылған жұмыстың санына емес, сапалық көрсеткіштерге басты мақсат етіп қою міндеті айқындалғандай.
Қоғамда қалыптаса бастаған саяси реформаларды жүйелі, әрі пәрменді жүргізе отырып, ел экономикасының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың уақытылы орындалуына айырықша назар аударылған. Үстіміздегі жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған конституциялық реформаның сөзсіз әрі табанды түрде орындалуына бүкілхалықтық бақылау орнату біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз екені даусыз. Алдағы болашақта елімізде іске асырылатын, орындалар жұмыстардың саяси астарының негізі – халқымыздың ауызбіршілік, ынтымақ бірлігінде жатқанын бір сәт естен шығармауымыз керек. Алдағы белгіленген ел тағдырына қатысты кезектен тыс республика Президентінің сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысты қолдай отырып, алға қойған мақсатты күрделі де, кең ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға барлық Сыр бойының тұрғындарын шақырған болар едім.

