Kyzylorda-news.kz Жаңару айында өтіп жатқан сайлау науқандары наурыз нышандарымен айшықталуда.
Жаңақорған жұрты бүгін Жайылма және Қыркеңсе ауылдық округтерінің әкімдерін сайлауға белсене қатысуда. Сондай-ақ, бүгін Жалағаш ауданындағы Аққыр ауылының тұрғындары жаңа әкім сайлауға дайын.
Маңызды күнде комиссия мүшелері сайлаушыларды ұлттық киіммен қарсы алып, қызмет көрсетіп, наурыз мерекесін сезіндіруде.
Өз таңдауын жасап, дауыс беруге келген сайлаушылар да учаскелерге ұлттық киім барып, Әз-Наурызға мерекелік әр берді.
Ал, Аққыр ауылының Аналар кеңесінің әжелері дауыс беріп, маңызды күнде бірліктің үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, Қостанбай би көшесінің тұрғындары топтасып келіп, өз таңдауларын жасады. Олар туған жердің дамуы жолында ауыл әкімі болуға үмітті азаматқа дұрыс таңдау жасау қажетпіз деген ойды алға тартты.
Дауыс беру күні сайлаушылардың көңіл-күйін көтеру мақсатында учаске алдында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізілді.
Жайылма ауылдық округінде 774 сайлаушы, Қыркеңсе ауылдық округінде 1050 сайлаушы, Аққыр ауылдық округінде 537 сайлаушы тіркелген.
Айта кетейік, учаскеге келіп дауыс беруге мүмкіндігі жоқ азаматтар өтініш беру арқылы тасымалданатын жәшік арқыл таңдау жасай алады.
Дауыс беру кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.
Еске салайық, әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады.