Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында Президент сайлауына дауыс беру таңғы сағат 07:00-ден бастап, 20:00-ге дейін жұмыс істеді. 

Сырдария ауданы, Ақжарма ауылдық округіндегі №162 сайлау учаскесінде халықтың көңіл-күйін көтеру үшін «Бауырсақ party» ұйымдастырылды. Мұндай шара Шаған ауылындағы № 163, №164 сайлау учаскелерінде де өтті. Тұрғындардың көңіл-күйі көтеріліп, олар ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. 

Тереңөзек кентінде ерекше есім иесі сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. 82 жастағы кент тұрғыны Вашингтон Дүйсекенов кезектен тыс ҚР Президентінің сайлауында көпшілікке ақ батасын берді. Ел игілі жолында өткізіліп отырған сайлаудың мән-мағынасын жастарға түсіндірді. 

Сонымен қатар Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Алмагүл Бақтиярова мен мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин дауыс берді.
Сайлауда сырдариялық жастар белсенділік танытуда. 

«Біз бар білімімізбен еліміздің өркендеуіне ат салысып, ерен еңбек етіп, туған жеріміздің Әділетті Қазақстан құрылуы жолында ерінбей еңбек ететін боламыз»,-деп ұрандатты аудан жастары.

Ауданның белсенді жасы Ерсұлтан Шәден сайлауға алғаш рет қатысты.

«Бүгінгі саяси науқанда еліміздің жарқын болашағы үшін алғаш рет дауысымды беріп, №169 сайлау учаскесінде өз таңдауымды жасадым. Әрбір патриот өз елінің болашағына жауапты. Сайлауға қатысу мен үшін үлкен жауапкершілік. Алға қойған мақсаттарыма қол жеткізу үшін жарқын болашақ үшін дауыс беруге шақырамын, - деді сырдариялық белсенді жас Шәден Ерсұлтан. 

Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасының Президент сайлауында Тереңөзек кентіндегі №155 учаскеге барып, дауыс берді. 

«Бүгін еліміздің болашағы үшін маңызды саналатын саяси науқанның шешуші күні. Бүгін әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сырдариялықтар ел ертеңі үшін бірлігін көрсетіп, сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасайтынына сенімдімін», - деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Айта кетейік, Сырдария ауданында 18 сайлау учаскесі және 21615 сайлаушы бар.

Бүгінгі Президенттің кезектен тыс сайлауында дауыс беретін сайдың тасындай, 18 жасқа толып жатқан тепсе темір үзетін жас шабандоздар ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылдық округінде жиналып, дүбірлі додада бас қосты.

Тартысты қызу сайыс барысында №159 сайлау учаскесінің алдына салым тасталды. 

Осында дауыс беруге келген азаматтар ұлттық ойынды дәріптеп, дамытып жатқан жас шабандоздарға қаржылай сый-құрмет көрсетті.

Түстен кейін ауданда жылжымалы дауыс беру жәшігі мекен-жайларға жеткізілді.

Шаған ауылдық округіндегі №163 сайлау учаскесіне қарасты тұрғындар денсаулық жағдайына және де өзге де себептерге байланысты дауыс беруге арналған жәшіктің мекен-жайға жеткізілуін өтінген. Жылжымалы дауыс беру жәшігі тиісті мекен-жайларға уақытылы жеткізіліп, тұрғындар өз таңдауларын жасады. 

Ауданда әлем чемпионы өз таңдауын жасады. Биылғы жылы Испания мемлекеті Понтавердо қаласында Грэпплинг күресінен әлем чемпионы Карбозов Нұрдаулет Мейрамбекұлы өз таңдауын жасады.

Осы күні сүйінші жаңалық та қоса жетті. Айтулы күнде Сырдария ауданында қос сәби дүниеге келді. Сырдария аудандық ауруханасының «Перзентхана» бөлімшесінде босанған қос ана бір ұл, бір қызды құшағына басты. Өз кезегінде «Перзентхана» бөлімшесіне арнайы барған дәрігерлер аналарды қуанышымен құттықтап, ерекше құрмет көрсетті.

Сайлауға қатысушылар арасында өз пікірін білдіргендер де бар. 

«Бүгін күллі ел үшін айтулы күн болды. Тұрғындардың таңнан бастап белсенділік танытқанына қуаныштымын. Бүгін біз Қазақстанда жеті жыл басқаратын президентті өз қолымызбен сайлап жатырмыз. Бұл шынтуайтына келгенде, тек қана келесі жеті жылдың тағдырын шешпейді. Қазақстанның жалпы бұдан кейінгі тағдырын шешуі әбден мүмкін. Бірақ біз, сайлаушылар, бәріміз бірдей бейбітшілік пен келісім орнаған, өзін-өзі жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған елде өмір сүргіміз келеді.Еліміздің жарқын болашағы, қоғамның дамуына атсалысу әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Бүгінгі сайлау әділ өтті. Қызылорда облысы республикада қатысу бойынша 2 орында, бұл біздің келешекке деген сеніммен қарауымыздың көрінісі», - деді Нұржан Сейітжан.

Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам екенін айтты.

«Бүгін 20 қараша күні ҚР Президенті сайлауы өтті. Дауыс беру барысын бірнеше мыңдаған бақылаушы қадағалады. Халықаралық ұйымдар, шет мемлекеттер атынан келген бақылаушылар жұмыс жасады. «Сырт көз - сыншылардың» пікірлері бір жерден шықты деп ойлаймыз. Аймағымыз республика бойынша қатысуымен 2 межеден көрініп отыр екен. Бұл қарт өзенді жағалаған Сыр жұртшылығының мерейі деп білеміз. Қаймағы бұзылмаған Сыр елінің мемлекетіміздің болашағы үшін бей-жай қарамайтындығын көрінісіне тағы да куә болдық. Бүгін сайлауда жарқын болашағымыз үшін өздауыстарын жерлестеріміз берді. «Президент сайлауы - әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам» болды. Сайлауға қатысу әрбір тұрғынның болашақ алдындағы парызы. Баршаңызды жағымды өзгерістерді қалыптастыру мақсатында өткізілген саяси маңызы бар шараның аяқталуымен, әділетті қоғам жолындағы маңызды қадамның бастамасымен құттықтаймын», - деді Мұса Келдібаев. 

Аудан тұрғыны Ердос Беркінбаев сырдариялықтардың сайлау науқанында белсенділік танытқанын жеткізді. 

«Маңызды саяси науқанда Сыр елі тағы да сыр бермеді. Осыған дейінгі сайлауларда да сырбойылықтар алдыңғы қатарда белсенділік танытқан еді. Бұл жолы да ел болашағына деген сенім зор екенін көрсетті. Қызылорда өңірі дауыс беру көрсеткіші бойынша екінші орында. Бұл ретте, сырдариялықтар да өте белсенді болды», - деді Ердос Беркінбаев.

Айта кетейік, қазақстандықтар электронды құжат арқылы дауыс бере алады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты.

«Қазір қазақстандықтардың арасында цифрлық құжатты қолдану үлкен сұранысқа ие. Ол құжаттың түпнұсқасының аналогы. Сондықтан азаматтар сайлауда EGOV mobile, Kaspi және Halyk банкінің мобильді қосымшалары арқылы цифрлық куәлікті пайдалана алады. Яғни дауыс беруші жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық нұсқасын ұсынуға құқылы. Сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушылар тізімдері негізінде электронды куәлікті ұсынған кезде сайлаушыға дауыс беруге арналған бюллетень беруге міндетті», - деді Нұрлан Әбдіров.

315833047_1250481795514710_2074429204270671616_n.jpg
315976905_1250545048841718_633249209947161872_n.jpg

Тағы да оқыңыз: