Kyzylorda-news.kz. Қыз бен ұл өсіп келеді. Отбасында көбірек еркіндік береміз. Тіпті киімдерін 2-3 жасынан бастап өздері таңдайды. Іштей жаратпай тұрсам да қарсылық білдірмеуге тырысамын. Талғамын өздері қалыптастырғанын қалаймыз.
Соңғы өткен референдум мен сайлауда отбасымызбен: атам, жолдасым, балалармен бірге толық бардық.
Алғашқы барғанымызда балалар қайда, не үшін бара жатқанымызды, сайлау жәшігінің не екенін сұрап, парақты салғанда атасы мен әкесінің жанында қарап тұрды. Кейін сайлау учаскесі болған балабақшаның жанынан өткен сайын "ооо, мынау біз барған жер ғой, қағаз салған" дейді.
Екінші ел басшысын таңдайтын сайлауда барлығын түсініп барды. Олар үшін таңсық болған жоқ. Тіпті біз түсіндірмесек те өздерін қалай ұстау керек екенін жақсы білді.
Бұның барлығын не үшін жасап жүрміз? Өмірлеріндегі кез келген шешімді өздері таңдай алатынына жас күнінен көздерін жеткізгіміз келеді. Үлкен өмірге аяқ басқанда ештеңе жат болмаса екен дейміз және алдағы уақытта өмір салты, сапасы өздерінің таңдауларына тікелей байланысты болатынын қазірден ұғынғанын қалаймыз.
Әуелі Алла, наурызда өтетін сайлауда да осы дәстүрлі ұстанымымызбен, бірге барамыз деп үміттенеміз.
Балдырған МАМЕН
