Kyzylorda-news.kz Партияның қалалық филиалының депутаттық фракция отырысы өтті.  Жиында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы аясындағы Жол картасының Қызылорда қаласында орындалуы талқыланды. 

Басқосуда қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағамбетов Жол картасының 8 айлық қортындысы бойынша баяндама жасады. 

«АМАNАТ» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында облыс бойынша барлығы 122 іс-шара қамтылған, оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 2025 жылы 41 іс-шараның орындалуы жүзеге асырылуда.
Өңірде кәсіпкерлікті қолдау шаралары нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 238,8 млн теңгеге 34 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығында өнім көлемі 4,7 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ заңсыз берілген 716 гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде – 348 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Қала мен ауылдық округтерде жол жөндеу жұмыстары күшейіп, жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы 100%-ға жеткізілді. Сонымен қатар, ауыз сумен қамту толық шешімін тапты, газдандыру деңгейі 61,5%-ға жетті.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру, жастар тәжірибесін ұйымдастыру, кәсіптік оқыту курстарын өткізу сияқты шаралар нәтижесінде мыңдаған жас жұмыспен қамтылды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%-ға дейін төмендеді.

Қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 46,7%-ды құрады. Қала аумағында 675 контейнер орнатылып, абаттандыру мен көгалдандыруға 2,1 млрд теңге бөлінді.

Жалпы, жыл басынан бергі жұмыс нәтижесінде Қызылорда қаласында партияның Жол картасының орындалу көрсеткіші 36,6%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін барлық іс-шараны толық орындау жоспарлануда.

Басқосуда фракция мүшелері қала әкімінің орынбасарына сұрақтар қойып, сайлау аумағына қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тағы да оқыңыз: