Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің отырысы өтті. Онда қос басқарма өкілдерінің сайлауалды бағдарламада қамтылған жұмыстардың орындалуы бойынша есебі тыңдалды.
Нақты айтсақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілі халықты скринингтік зерттеулермен қамту және Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл екпелерін ұлғайту бағытындағы атқарылған жұмыстар бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары хабарлама жасады.
Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл екпелерін ұлғайту бойынша 2021-2024 жылдары барлығы 659,1 мың гектар алқапқа екпелер жасалып, оның 332,5 мың гектары облыстық деңгейде, қалған 326,6 мың гектары Орман шаруашылығы комитетімен атқарылған. Ағымдағы жылы 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофитті тұқымдарын егу жоспарланып, 1071 мың гектар алқапқа топырақ зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілген.
Осы бағытта Орман шаруашылығы комитеті арқылы көктемде 120 мың гектар жерге тұқым себу, 11,8 мың гектар жерге көшет отырғызу, 60 мың гектарға табиғи өсіп-өнуіне ықпал ету жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар, биыл облыс бойынша 15 мың гектар алқапқа сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың гектар жерге қажетті 357 тонна галофитті тұқымдарды араластырып себу жоспарланып, қазіргі уақытта15 мың гектар жерге 4,5 млн. дана көшет толықтай отырғызылған.
Басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы жоспар жыл соңына дейін толық орындалады, - дейді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге келсек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Бастапқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Динара Сарманова скринингтік зерттеулерге 6 нозология бойынша жүргізіледі дейді.
«Олар қанайналым жүйесінің аурулары, қант диабеті, глаукома, сүт безі, жатыр мойны және колоректальды обырын ерте анықтау. Ағымдағы жылы облыс бойынша жас шамаларына сәйкес 486 957 азаматты скринингтік тексеруден өткізу жоспарланып, 10 ай көлемінде олардың 81,2% тексеруден өткен. Нәтижесінде олардың 5,3 пайызынан науқастар анықталса, 15 пайызы диспансерлік есепке алынған. Сонымен қатар биыл медициналық тексеруге 143 456 тұрғын жоспарланып, 10 ай қорытындысымен олардың 88 пайызы толық қамтылды. Оларға диагностикалық зерттеулер, зертханалық зерттеулер жүргізіліп, бейінді мамандар кеңесі берілді»,- деді Динара Сарманова.
Кеңес мүшелері жиында аймақ экологиясын жақсарту, денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің төмендеу динамикасын сақтау және тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын айтты. Олар хаттамаланып, жауапты органдарға жолданатын болды.
