Kyzylorda-news.kz  Партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов Жалағаш ауданында болып, Сайлауалды бағдарлама аясында құрылысы жүріп жатқан кенттегі денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені және Ақсу ауылында жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарымен танысты.

Жалағаш ауданы орталығынан 3 шақырым жерде орналасқан Ақсу ауылында 1676 халық саны бар. Елдімекеннің инфрақұрылымын дамыту мақсатында газдандыру жұмыстары 2023 жылдың қазан айында қолға алынды. Қазіргі таңда бас мердігер «АЭS and Limited» ЖШС тиісті жұмыстарды атқаруда. Жоба бойынша газ құбырының жалпы ұзындығы 24,5 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта 22,3 шақырым жер асты газ құбырлары тартылды. Көшеаралық автожолдардан тесіп өткізу арқылы газ құбырларын жалғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер компания өкілдері газдандыру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқандығын, жергілікті жерден 5 жұмысшы тартылып жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айында көгілдір отын ел игілігіне пайдалануға берілу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Филиал төрағасы онда ел игілігіне бағытталған жұмыстардың ең бірінші кезекте сапалы болуы қажеттігін айтып, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы, құрылыс сапасы нысандар халыққа пайдалануға берілгенше «AMANAT» партиясының бақылауында болатындығын жетікізді.

Мониторинг жұмыстарына партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі Әмірбек Шаймағанбетов, Жалағаш аудандық партия филиалының төрағасы Елеусінов Өмірзақ және сала басшылары қатысты.

Тағы да оқыңыз: