Kyzylorda-news.kz.  ҚР Парламенті Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау ел көлемінде ерекше маңызға ие болды. Себебі алғаш рет мажоритарлық жүйемен өткен сайлау жаңалыққа толы әрі әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында жасалған айрықша қадам екені жасырын емес. Сайлау өткізілетін күн белгіленгеннен бастап асыға күткен қазақстандықтар елдің ертеңіне, кемел болашаққа деген сеніммен нық қадам жасады. 

Дәл осы күнді өз деңгейінде дүбірге айналдыру аймағымызда да айқын көрініс тапты. Оның бір дәлелі республикада қызылордалық сайлаушылардың саяси додаға қатысу көршеткі бойынша бірінші орынға тұрақтауы дер едім.

Жалпы айтар болсақ 373 сайлау учаскесі қызмет еткен Қызылорда облысының осындай жоғарғы нәтижеге қол жеткізуіне аралдықтардың да тигізген үлесі өте жоғары. Аудан көлемінде сайлаушыларға қызмет еткен 55 сайлау үйінде де дауыс берушілердің белсенділігі халықтың қаншалықты құлықты екендігін анық аңғартты. Біз бүгін маңызды күннің көрінісін тарқата кетсек.

Елім деп соққан жүрегі

Біз аудан көлеміндегі сайлаушылардың таңдау жасауға келгенін ғана көзбен көре алдық. Бірақ қашанда кіндік қаны тамған топырағын өзгеден биік қойған, туған елдінің ертеңіне алаңдап, елдегі жаңалықтарға жанашырлық танытатын шалғайдағы жастарымыз да жетерлік. Олардың патриоттық сезімі мен келешекке сенімі де осы сайлауда көрініс тапты. Мәселен берісі Қырғызстан, әрісі Оңтүстік Корея мемлекетінде жүріп өз дауысын берген аралдықтар отансүйгіштігін осылайша дәлелдеді.

Қарттардың батасы – кемел болашақ

Ғасырға жуық тарихтың куәгерлері тағы бір жаңалықтың куәсіне айналды. Қарттықтың қызығына жеткен шақта өздері бастан өткерген, тәуелсіздікті жанымен аңсаған ақсақалдар келешектен зор үміт күтеті. Талай жылдық арманына айналған азаттықтың мәңгі болып, ел іргесі берік, еңсесі биік болуы үшін бекітілген сайлау учаскелерінде таңдау жасаған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, ардагер-журналист, 95 жастағы Шәкірат Дәрмағамбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші-композитор әрі ақын-жырау Мұрат Сыдықов отбасымен бірге, өзге де ардагерлер мен ауданға қарасты кенттер мен ауылдардағы ақсақалдар "ұрпақтың ертеңі сәулелі болғай" деп ақ батасын берді. 

Ананың тілегі қабыл

Аудан көлемінде 552 "Алтын алқа", 1300 "Күміс алқа" иегері бар. Міне, халықтың демографиялық өсіміне үлес қосып жүрген алтын құрсақты жандар да сайлаудан тысқары қалмады. Барлық сайлаушылармен бірге дауыс беріп, айтулы саяси додағы келген олардың тілегі бреу ғана. Ол – ұрпағының бақытты ғұмыр кешуі, тәуелсіз елдің тірегіне айналуы және көптеген мүмкіндіктерге жаңа жолдың ашылуы. Қазақ қашаннан "Ананың тілегі қабыл" деген емес пе. Міне тілеуі адал жандардың сайлау күнгі тілегі қабыл болғай.

Ел болашағы жастардың қолында

Арал қаласындағы З.Шүкіров атындағы мәдениет үйінде орналасқан 45 сайлау учаскесінде дауыс берген 18 жасар Әсет Жұмахметовтің «Әр азаматтың дауысы маңызды екенін түсіндім. Біздің дұрыс шешіміміз ел болашағының жарқын бейнесіне жол салады» деген сөзінен осыны анық аңғарамыз. Міне осындай мақсатпен додаға өзі таңдаған кандидатына дауыс берген жастар өте көп. Олардың қатарында алғаш рет сайлауға қатысып тұрғандар қаншама. Солардың бірі Ақшатау елдімекенінің тұрғыны Мадияр Әбішов. 19 наурыз күні №19 сайлау учаскесіне барған 19 жастағы азаматтың да тілегі қазірдің өзінде жастарды қолдаудың жан-жақты жолын тапқан Қазақстанның алдағы уақытта да алар асуы көп болуы. «Туған күнімнің сайлаумен тұспа-тұс келгені мен үшін өте ерекше жайт болды. Бүгін мен өз дауысымды бердім және сол арқылы еліміздің кемел келешегі үшін өз таңдауымды жасадым» – деген Мадияр осындай сәйкестіктердің қуанышына айналғанын айтты. 

Баршаға тең мүмкін жасалды

Сайлау үйлеріне барып дауыс беруге мүмкіндігі жоқ жандарға үйден таңдау жасауға жағдай жасалды. Елді елеңдеткен жақсы жаңалыққа өздерінің де үлес қосуы үшін осындай мүмкіндік тудырған ұйымдастырушыларға олар алғысын айтып, батасын берді. 

Ұжымдық ауызбіршілік көрініс тапты

Бұл додада елді сүйсінткен тағы бір көрініс түрлі сала қызметкерлерінің бірге келіп, дауыс беруі. Әсекери сала мен медицина қызметкерлерінен бөлек өндірістік бөлімше ұжымдары, теміржолшылар, мұнан өзге де көптеген мекеме қызметкерлері жұдырықтай жұмылып, жұртшылықпен бірге болды. Бұл қатарда «ақ алтынмен» Аралдың атын әлемге танымал еткен тұзшылардың да бірлігін атап айтқан артық болмас.

Салтанат сипат алған Сайлау

Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы өткен саяси додада Сайлау үйлері ұлттық мерекенің де мерейін өсірді. Ән мен жырдан шашу шашылып, ұлттық астан дәм ұсынылса, қазақи ойындар да ұйымдастырылды. Мұнан бөлек талайды таң-тамаша қалдырған жағдайларға куә болдық. Мәселен егіздер бірге барып таңдау жасаған учаскелерде көрген жандар таңданысын жасыра алмаса, енді бірлері ұлттық нақышта киінген егіздерін құшақтап отбасымен бірге дауыс берді. Ал сайлауға топ болып мотоциклмен барған Тоқабай жастары мен түйе мінген, салт атты жастар ата-баба салтымен халықтық рухты көтеріп тастады.

Міне, саяси науқан аралдықтардың есінде осындай айта жүрерлік кереметтермен қалды. Жаңашылдыққа бет бұрған еліміздің ертеңі де дәл осы ерекше күннен басталатыны сөзсіз. Халық қалаулысы атанған кандидаттар осы бағытта өлшеусіз еңбек етіп, дамудың даңғыл жолына бастайды деген сенім мол.

Тағы да оқыңыз: