Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Сырдария өзенінің деңгейін бақылау назарға алынған. Қазіргі таңда сең Айдарлы ауылдық округі аумағында өтуде. Бұл туралы Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараев мәлімдеді.
«Бүгінгі күнге өзендегі мұз Сырдария ауданы Айдарлы ауылдық округі аумағындағы Ақарық каналы тұсында. Қызылорда су торабынан жоғары қарай 97 шақырымында тұр. Оның қалыңдығы 5-15 см, солтүстік аудандарда 20-55 см құрайды», – дейді Саид Молдақараев.
Облыс бойынша 2020-2021 жылдардағы қысқы-көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 1081 адам жұмылдырылды. Сонымен қатар 361 техника, 75 су сору мотопомпасы және 1 тікұшақ дайындалды. Су басу қауіпі бар аумақтардың тұрғындарын көшіруге арналған 84 эвакуациялық жинақтау және 101 қабылдау пункті дайындалды. Сондай-ақ мұндай аймақтар учаскелерге бөлініп, оған 126 мекемеден 411 техникасымен 1269 адам жауапты болып бекітілген.
«Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Департамент қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган және су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, 7 рет тікұшақпен және күнделікті автокөліктермен Сырдария өзеніне мониторинг жұмыстарын жүргізуде», – дейді Саид Молдақараев.
Биылғы жылдың 18-28 қаңтар аралығында қыс және көктем кезеңінде су тасқынының қолайсыз дамуы зардаптарын жою үшін авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу мақсатында командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізіп, аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы тексерілді. Ағымдағы жылғы 4-5 наурызда «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
«Су тасқынының алдын алу бағытында департамент қызметкерлері Сырдария өзеніне жақын орналасқан елді мекендерде тұрғындарға және шаруақожалық иелеріне қауіпсіз аймаққа көшу жөнінде ескерту-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», – деді Саид Молдақараев.
