Kyzylorda-news.kz.  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Республика күніне орай «Республика күні: Дербестікке жол салған декларация» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің атаулы күні ұлттық мереке қатарына қайта қосылды. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан еліміз үшін бұл күннің маңызы ерекше.

Жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова мерекенің маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде Республика күні мерекесінің күнтізбеге қайта оралуы - ұрпақтар сабақтастығының, тарихқа құрмет көрсетудің және халқымыздың тәуелсіздікке ұмтылысының айшықты белгісі екенін атап өтті. 

Конференцияда оқу орнындағы «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясы» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиев бұл мерекенің әлем елдерінде қалай тойланатынына тоқталды. 

– Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Республика күні әлемнің көптеген елдерінде ұлттық мереке ретінде тойланады. Ал күнтізбеде ерекшеленген  бұл күндердің тарихы әр елде әртүрлі, – деді Сәулет Сахиев. 

Сонымен қатар,  шарада «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов, университеттің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты Майнұр Бөрібаева, «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясы» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Мұрат Насимов баяндама жасады.
Конференция барысында еліміздегі тіл саясаты, өңірлік ғылымды дамыту мәселелері талқыланып, мемлекеттілікті қалыптастырған Декларацияның маңызы туралы кеңінен айтылды. 

Жиында шетелдік профессор-оқытушылар – Финляндиядағы Хельсинки университетінің  профессоры Владимир Асеев, Венгриядағы Паннония университетінің докторы Миклош Хегедус (Miklos Hegedus), Фулбрайт бағдарламасының стипендиаты, АҚШ азаматы Анна Кубас (Anna Kubas), Корея Республикасының Халықаралық білім беру ұлттық институтының «Корей тілі» бағдарламасы бойынша Алматыдағы Корея елшілігінің білім беру орталығының жолдамасымен келген волонтер Ким Джикен (Kim Jinkyung) сөз сөйлеп, Республика күнімен құттықтады.

Ұлттық мерекеге орай университеттің бірқатар профессор-оқытушылары мен қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет Грамотасымен», «Алғыс хатымен», университеттің «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалі», «Үздік түлек» медалі, «Құрмет Грамотасымен», ректордың «Алғыс хатымен» марапатталды.
 

IMGL0787.jpg

 

IMGL0376.jpg

Тағы да оқыңыз: