Kyzylorda-news.kz. Сәуір айының алғашқы жексенбісі - геологтар күні. Осы айтулы датаға орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті инжинирингтік технологиялар кафедрасының магистрі, аға оқытушысы Салтанат Аппазова аймақтағы геология саласына тоқталды.
«Өңірдегі пайдалы қазбалардың бірі - мұнай. Бүгінде жер асты қазба байлықтарды игеруде заманауи әдістер қолданылып, шикізат өндірісінің көлемі артып келеді. Айта кетейін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде геология мамандығы 2016 жылы ашылды. Қазіргі таңда, аталған пәннен 6 геолог маманы дәріс береді. Биыл кафедрадан тоғыз түлек бітіреді. Сондай-ақ, жылдан жылға білім алушылардың да саны артып, мамандыққа сұраныс жоғары. Жаңақорған, Шиелі аудандары тау-кен өндірісі орналасқан өңір болғандықтан тиісті сала мамандарына сұраныс болатыны анық. Бұған дейін өндіріс ошақтары қажет мамандарды өзге өңірлерден шақыратын, себебі жергілікті оқу орнында арнайы маман даярланбайтын. Алғашқы қабылданған студенттер биыл өндіріс орындарында жұмысқа орналасқан», - деді Салтанат Маратқызы.
Оқытушы студенттердің жан-жақты білім алуына мүмкіндік жеткілікті екенін айтты.
«Кафедра қажетті оқу зертханалар, кабинеттер, дәріс алатын жаңа техникалық дәрісханалармен қамтылған. Болашақ маманның келешегін жарқын ету үшін оқу орны еліміздің және сырт елдердегі маңдайалды университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Осы бағыттағы білім алуға арналған бағдарламаларды тиімді жүзеге асырып отыр. Атап айтар болсақ, халықаралық қатынастар бойынша Ресей Федерациясы Томск политехникалық университеті, Ухта мемлекеттік политехникалық университеті, Казань ұлттық технологиялық зерттеу университеті, И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университеті, Пекин мұнай және газ университетімен және еліміздегі белгілі жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатыныста. Дүниежүзілік мұнайшылар қоғамына мүше оқытушылар да бар», - деді Салтанат Аппазова.
Оның айтуынша, кафедра оқытушылары да тәжірибе алмасу үшін және біліктілігін жоғарылату мақсатында алыс-жақын шетелдерде жоғары оқу орындарында шыңдап келеді. Сонымен қатар кафедраға қарасты білім алушыларға шетелдік ғалымдардан дәріс тыңдауы қарастырылған.
«Былтырғы оқу жылында Болгария Респубиликасының Тракия университетінің профессоры, техникалық ғылымдар докторы Николай Иванов Петров, Қазан федералдық университетінің «Макромолекулалық және органоэлементтік қосылыстар» кафедрасының профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Ирина Васильевна Галкина, А. Е. Арбузов атындағы органикалық және физикалық химия инстутының профессоры, химия ғылымдарының докторы Чугунова Елена Александровна, Қазан Федеральды университетінің «Техникалық физика және энергетика» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Шарифуллин Саид Насибуллович білім алушыларға дәріс оқыды. Биылғы оқу жылында Ресей Федерациясының Ғылым академиясының Новосибирск геология және минералогия институтының жетекші ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор С.К. Кривоногов және Машина жасау технологиясы және Еуропалық техникалық дерективтер пәндері бойынша Болгария Республикасы, Химиялық технология және металлургия университетінің профессоры, PhD, Караиванов Димитр Петкович дәрістерін оқыды», - дейді аға оқытушы.
Халықаралық ынтымақтастық аясында кафедра академиялық ұтқырлық бағдарламасын сәтті жүзеге асырылуда. Студенттің академиялық ұтқырлығы – білім алушыны белгілі бір академиялық кезеңге оқуға немесе зерттеуге басқа оқу орындарына жіберуге, алынған білім беру бағдарламаларын міндетті түрде өзге жоғары оқу орнында жалғастыра алады.
Бағдарламаның басты мақсаты – халықаралық стандартқа сай Қазақстандық жоғары білімнің сапасын қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетін арттыру. Қос диплом бағдарламасы бойынша биыл Томск политехникалық университетімен біріккен білім беру бағдарламсы жасақталып, кафедра магистранттары осы бағдарламамен оқуда.
«Кафедрада білікті профессор -оқытушылар және өндіріс мамандары білім алушыларға дәріс, тәлім тәрбие береді. Жарқын болашақ үшін келешек жас буындарға, өз тәжірибесімен бөлісіп, ұстаздық еткен, аянбай тер төккен кафедра ұжымының пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу саласын жаңғыртуда қосқан үлесі зор деп сеніммен айтуға болады. Университет түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болып, мықты маманға айналуына ұстаздар қауымы өлшеусіз үлес қосуда», - дейді Салтанат Аппазова.

