Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы экономикалық көрсеткіштер бойынша Сыр өңірінде алдыңғы қатарда келе жатқан жайы бар. Негізінен аграрлық салада өз алдына даму көкжиегін көрсетіп келе жатқан ауданның ауылдары да барлық көрсеткіштер бойынша өркендеуде. Бұл тұрғыдан алғанда ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылы ілкімді істерімен, ерекше қарқынмен жұмыс жасау үлгісін көрсетіп келеді. Өз кезегінде аталған ауылдың әкімі Бекзат Қыдырбаевпен өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен сұхбат құрған болатынбыз.

– Бекзат Сәбитұлы Сәкен Сейфуллин ауылының негізгі әлеуметтік ахуалына тоқталып өтсеңіз.

– Негізінен, Сәкен Сейфуллин ауылдық округі бойынша 306 отбасында 1623 тұрғын тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 699 адам болып табылады. Сонымен бірге 156 зейнеткер, 47 мүмкіндігі шектеулі жан, «Батыр ана» 1, «Алтын алқа» 21  және «Күміс алқа» 32 адам иеленген. Бұл ретте айта кетейін өткен жылы  жеке тұлғалардан жер учаскелеріне  байланысты   барлығы  45 өтініш  келіп түсіп, оның 42 өтініші  заң талаптарына сәйкес қанағаттандырылған. Ал 3 өтініш заңға сәйкес, бас тартылды. Ауылдық округі  әкімі аппаратында  53 шешім, 134 өкім шығарылған. Жеке тұлғалардан барлығы 11 өтініш келіп түскен. Оның ішінде, 8 жазбаша өтініш, 3 сұрау салу, 8 өтініш  қанағаттандырылып, 3 сұрау салуға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына 100849,1  мың теңге қаралып,  бөлінген 100832,7 мың теңге қаржы толығымен 100 пайызға игерілді. Жоспарға сәйкес, өткен жылы жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы 97410 теңге болса,  орындалғаны 101 пайыз. Жер салығы  28 000 теңге, орындалғаны 100 пайыз. Көлік салығы жеке және заңды тұлғалардан жылдық 3013000 теңге болса, меженің орындалғаны  101,1 пайыз құрап отыр.

Жылдық 3013000 теңге, орындалғаны 101,1 пайызды құрап отыр.

– Сәкен Сейфуллин ауылында өткен жылы бюджет және демеушілік есебінен қандай жұмыстар атқарылды, тың жобаларға мән берілді ме?
 
– Біз қай кезде де ауылымыздың көркейіп, дамуына әркез күш сала бермекпіз. Есепті кездесулер мен жеке қабылдау барысында жергілікті тұрғындар ауылымызға қатысты сан түрлі мәселе көтереді. Өз кезегінде ауданның атқарушы өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, шешімін табу керекті жобаларды қаржыландыруға ұсыныс береміз. Сонымен қатар демеушілік есебінен кезек күттірмейтін жұмыстарды жасауға мүдделіміз. Атап айтқанда, өткен жылы «Сәрке батыр» көшесінің бойына жаяу жүргінші жолын салу үшін аудандық бюджеттен 21280,0 млн теңге бөлініп, аталған жұмыс толығымен аяқталды. Бүгінде жаяу жүргінші жолы тұрғындар игілігіне берілді. Ал елді мекендегі Зейін Әбілдаұлы көшесін жарықтандырылуына аудандық бюджеттен 770,0 мың теңге бөлініп, аталған жұмыстар толықтай жүргізілді. Айта кетейін елді мекендегі көшелердің жарық шамдары 1584,5 мың теңгеге толығымен диотты жарық шамдарға ауыстырылды. Аяқ суға қажетті 2 дана дизельді СНПЭ-500/10, КҮ-560, қаржы көлемі-18,0 млн насос  алынды. «Байтен батыр» көшесіне жеке кәсіпкер Т.Рақметовтың демеушілігімен балалар ойын алаңы  салынып, пайдалануға берілді. Дәл осындай демеушілікпен «Сәрке батыр» көшесінің 200 метріне қиыршық тас төселді. Әрине, кезең-кезеңімен жасалатын жұмыстар легі жеткілікті. Бюджеттің әлеуетіне қарай алдағы тың жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Біздің ауылда бірнеше шаруашылық құрылымдары жұмыс жасайды. Олардың демеушілігімен шағын жобаларды аяқтау көзделген.

– Сырдария ауданы өткен жылы ауыл шаруашылығы саласының қорытындысы бойынша облыста үздіктер қатарынан көрінді. Сәкен ауылында ауыл шаруашылығы  саласы қай деңгейде дамуда?

– Иә, ала жаздай еңбек еткен диқандардың зор жетістікке қол жеткізуі аудан халқына зор қуаныш сыйлады. Ауылдық округ бойынша 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыл тұрғындарынан шаруа қожалықтарындағы малды қоса алғанда 1496 бас ірі қара, 793 бас уақ мал, 734 бас жылқы, 86 бас түйе және 422 бас құстың есебі алынған. Өткен жылмен салыстырғанда мал басы 5,7 пайызға өскендігі байқалады. 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап, 31 мамырға дейін «Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру»дерекқор базасына тіркелмеген мал бастарын тіркеу үшін «Жасыл дәліз-3» бағдарламасы іске қосылды. «Жасыл дәліз» бойынша тұрғындардан МІҚ-264 бас, уақ мал 126 бас, 190 бас жылқы, 8 түйе малы дерекқор базасына тіркелді. Елді мекенде 2 ЖШС-і «С.Сейфуллин Жер» ЖШС-і, «Құндызды Жер» ЖШС-і және 3 шаруа қожалық «Жандос» шаруа қожалығы «Олжас» шаруа қожалығы, «Мираж» шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Елді мекен бойынша өткен жылы ЖШС-і мен жеке қожалықтарда  барлығы 1857 гектар күріш егіліп, 55,7 центнер өнім алынды.  

– Ауыл мәдениетін дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Сәкен Сейфуллин ауылы елімізге танымал ақын-жазушыларды, дара тұлғаларды туған қасиетті мекен. Біз өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған жергілікті Сейфолла Оспан, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров, Мұхамеджан Мансұров  секілді ақындарымызбен мақтанамыз. Жақында талай жыл осы ауылда басшы болған Жақай Бодықбаевтың құрастыруымен «Сәкен ауылы – ұлағаттың ұясы» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілген болатын. Жалпы, ауылдық клубта барлығы 8 қызметкер жұмыс жасайды. Өткен жылы клуб ұжымының ұйымдастыруымен барлығы 43 мәдени, оның ішінде аудан орталығында 1 іс-шара өткізілді. Барлық іс-шараға 4425 көрермен тартылды. Бүгінде ауылдық клуб үйінде «Ән», «Жас қалам», «Қолөнер», «Көркемсөз» үйірмелері жұмыс жасайды. 2022 жыл басынан бері ақылы қызмет көлемі 428,0 мың теңге болып жоспарланып, аталған жоспар 100 пайызға орындалды. Міне, осындай межелі жұмыстардың арқасында ауылымызда мәдениет саласы даму үстінде.  Айта кетейік, Ауылдық модельді кітапханада 26981 кітап қоры бар. 2022 жылғы оқырман саны 762, берілген кітап саны-15478 дана, қазақ тіліндегі кітап саны-17575, келушілер саны-9119, жаңа түскен әдебиеттер саны-195, өткізілген мәдени-шаралардың саны-45 болып тыбылады.  

– Денсаулық саласына байланысты жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

–Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда барлығы 7 адам жұмыс жасайды. 2022 жылы 2345 адам белсенді түрде қаралып ем алса, профилактикалық байқаудан өткен ересектер саны 209 адамды құрайды.  балалар саны – 474.  Ауылмызда 2022 жылы туылған бала саны– 37. Қайтыс болғандар саны – 4.  Үйге шақырушылар саны – 512 адам. Анығын айтқанда, диспансерлік есепте тұратын науқастарға тиісті медициналық көмектер көрсетіліп келеді. Тегін дәрі-дәрмекпен қамту іс-шаралары да, қарастырылған. Медицина мамандары қашанда аурушаңдық деңгейін төмендету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуге мүдделі.

– Білім саласындағы орасан жетістіктерді атап өтсеңіз.

– Ауылымызда да 460 орындық №137 орта мектебі бар.  Оқушыларға білім беретін мұғалім саны – 55. Жоғары білімді – 54, арнаулы орта білімді –1. Ұлттық біліктілік санаттары бойынша педагог-зерттеуші-13, педагог-сарапшы –18, педагог-модератор – 13. Жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктілік арттыру курстарынан педагог қызметкерлердің барлығы 100 пайыз өткен. Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылы бойынша 11-сыныпты бітірген 25 оқушының ҰБТ-ға 22-і қатысып, орташа балы 85,6 пайызды құрады.ҰБТ-дан ең жоғары балы 129-ды құрады. Аталған түлектер ішінен 2 оқушы «Алтын белгіге», 4 оқушы «Үздік аттестатқа» бітірді. Білікті басшы Бағдат Есназардың басқаруымен педагогикалық ұжым әлеуеті зор жұмыстар жасау үстінде. Ұстаздар мен оқушылар зор жетістікке қол жеткізуде. Біз қашанда талантты, дарынды жастарымызбен мақтанамыз. Сонымен бірге ауылымызда 90 орындық «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасында  4 топ  бойынша 85 бала тәрбиеленуде. «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасы 22,5 штаттық кестемен жұмыс жасауда. Жалпы қызметкерлер саны – 29-і құрайды. Оның ішінде педагог кадрлар саны-11, техникалық қызметкерлер саны –19, медбике – 1, есепші –1, жұмысшы қызметкерлер 17-і құрайды.

– Сәкен Сейфуллин ауылындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықты болдырмау іс-шараларына басымдық берсеңіз.

– Өткен жылы ауылымызда барлығы екі қылмыс, яғни, пәтер және велосипед ұрлығы тіркелді. Екі қылмыс та ашылды. Жыл бойына 45 әкімшілік хаттама толтырылды. Жанұя жағдайына байланысты  5 азамат есепке алынып, бақылау жүргізілді. Жалпы, қазіргі қоғам өмірінде сан түрлі оқиғалар көптеп кездесуде. Заң бұзушылықтарды алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жұмыс жасауға мүдделіміз.  Сонымен бірге мектеп оқушыларының түнгі мезгілде ата-ана қарауынсыз жүруіне тосқауыл қою мақсатында рейд ұйымдастырылуда.

– Азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі елді мекенде жолға қойылған ба?

– Ауылдық округ бойынша 699 экономикалық белсенді халық тіркелген.  Барлық жұмысқа орналасқандар саны - 86. Оның ішінде 39 адам тұрақты жұмысқа орналасты,  ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген 37 адам, 8 адам жастар тәжірбиесімен, 2 адам әлеуметтік жұмыс орны, 2 адам  күміс жаспен жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық деңгейі жыл аяғында 5,2 пайызды құрады. 2022 жылы  атаулы әлеуметтік көмек 6 отбасына тағайындалып,  отбасылар тиісті қаражаттарын алды. Елді мекендегі шаруашылықтар және шағын кәсіпкерлер, атап айтқанда «С.Сейфуллин Жер» ЖШС, «Құндызды Жер» ЖШС, «Жандос» ШҚ  мүмкіндігі шектеулі жандар, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларына және спорттық жарыстарға, мәдени шараларға   тұрақты түрде  демеушілік жасап, қайырымдылық  акцияларын өткізіп келеді. Өткен жылы барлығы  14 735 300 теңгеге демеушілік көрсетіліп, қайырымдылық көмек жасалды.

– Кәсіпкерлік саласында қаншалықты өсім бар?

Сәкен Сейфуллин ауылдық округі бойынша 90  кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрғаны 84. Оның ішінде, жеке кәсіпкерлер – 78, шаруа қожалықтары 3 және жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 2 болып табылады.  Қызылорда «Өңірлік инвестиция» орталығы арқылы 1 кәсіпкер «Керме тарту»  4 млн. теңге несие  алып қазіргі таңда жұмыс жасауда. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы аясында  жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант 1 225 200 теңге бойынша ауыл округтен  10 адам грант алып, кәсібін дөңгелетуде. Қазіргі  уақытта бизнесті дамыту – маңызды рөл ойнайды. Ауыл азаматтарына мемлекеттік бағдарлама шеңберінде  кәсіп ашу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Ынталы азаматтар  кәсіп ашып, табыс көзін еселеуде.  Әркез жобаны жүйелі,  нақты дайындаған  азаматтар грант иегері атанары хақ. Біз кәсіпкерлік саласында ілгерілетуге мүдделіміз.  

– 2023 жылы атқаралатын жұмыстардың жоспары қалай тізбектеледі?

– Биыл бірнеше бағытта жүзеге асырылатын жобаларымыз бар.  Шортанбай би көшесінің қалған бөлігін жарықтандыру назардан қалыс қалмайды.  С.Сейфуллин ауылдық округіндегі Шортанбай би, Есқұлы Қосбармақұлы, Байтен батыр көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне қаржы сомасы ұсынылды. Ауылішілік электор бағаналарын ауыстыру жұмыстарына тиісті ұсыныс беріледі. Демеушілік есебінен ауылішілік (А.Мұрат 475м, Ә.Зейін 570 м Б.Әуелбай 1050 м, Қ.Әбдірей 720 м, А.Іскендір 520 м, Бұхарбай батыр 670 м көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеп,  тиісті жұмыстарды ұйымдастыру жоспары енгізілген. Демеушілік есебінен С.Сейфуллин ауылының Байназарұлы Әуелбай, Бәйтен батыр, Есқұлы Қосбармақұлы көшелеріне аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне ұсынылды. Сонымен бірге   салық базасын ұлғайту бағытында іс-шараларды қамтамасыз ету мақсатында тиіс жұмыстар жүргізіледі. ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті қолдау іс-шараларын жүргізу, түрлі бағдарламалар арқылы қаржылық мүмкіндіктерге қолдау көрсету – басты міндетіміз саналады. 
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тағы да оқыңыз: