Kyzylorda-news.kz. Биыл қызылордалық «Қайсар» футбол клубы маусымды сәтті аяқтады. Турнирлік кестеде үздік жетілікті сақтап қалуды жоспарлаған клуб ұжымы 6-орынмен тәмамдады. Алайда команда басшысы Садық Мұстафа дода барысында кеткен кемшіліктердің аз болмағанын айтты.
«Бүгінде «Қайсарға» қақпашылар жетіспейді. Қақпашының жетіспеуінен оны дайындайтын жаттықтырушылар да саусақпен санарлық. Себебі бұрын-соңды бұл бағытқа көңіл бөлінбеген. Ендігі мақсатымыз жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру. Бүгінгі семинарға 60-тан аса жаттықтырушылармен қатар дене шынықтыру мұғалімдері де келіп қатысуда. Мектеп мұғалімдерінің қатысуының себебі де бар. Өйткені өрендерді футболға мектеп қабырғасынан бастап үйірмелерде машықтандыру үлкен көмек береді»,-дейді клуб директоры Садық Шоңмұрынұлы.
Бүгін клуб ұжымы өткен маусымда жіберген олқылықтардың орнын толтыру үшін жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру мақсатында семинар ұйымдастыруда. Алғашқы шеберлік сабағы қақпашы жаттықтырушысының білімін арттыруға көзделіп отыр. Оған Еуропаның “Барселона”, “Милан”, “Ливерпуль” сынды беделді клубтарында тәжірибе жинақтаған Михайл Шпанера мен тәжірибелі жаттықтырушы Виталий Кувшинов өткізуде.
Айта кетейік, семинар 2 күнге жалғасады.