Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз ету бойынша ең жоғары көрсеткішпен үздік өңірлер қатарынан көрінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.

БАҚ өкілдерімен кездескен Наурызбай Сейтқалиұлы аталған бағдарламаның аймақта орындалу барысын таныстырды. Сонымен қатар биылғы жылғы жоспарымен бөлісті.

Өткен жылы өңірде «Жыр мұра», «Ұлы Дала елі», «Өз жеріңді танып біл», «Жақаев ізбасарлары» жобалары, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» түркітілдес елдердің халықаралық музыкалық фестивалі, «Жырласа жастар жырласын» дәстүрлі әндерді орындаушы жас әншілердің республикалық фестивалі, «Латын графикасы: әлемдік тәжірибе және ұлт руханияты» атты республикалық оқу семинары, «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» республикалық семинары, «Ұлы дала жәдігерлері» атты кітап көрмесі, «Менің Отаным – Қазақстан» жас өлкетанушылар слеті, «Ақкербез» республикалық фестивалі, «Алтын белбеу» қазақша күрестен облыстық турнирі, «Парасатты поэзия» халықаралық фестивалі секілді маңызды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылды.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының идеялары бойынша «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты 2019 жылы іске асырылған «Сәтті жобалар жинағын» шығарған болатын. Аталмыш жинаққа біздің облыстан «Қорқыт ата мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 3 тілде шығарылған «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы мен «Ізденіс» жасыл академиясының жастарды бау-бақша өнімдерін өсіру арқылы еңбекке баулу жобалары енгізілді. Сондай-ақ «Ауыл ел бесігі» арнайы жобасы аясында жастардың ауыл өміріне араласуына, еңбекке баулу мақсатында «Өзекті ауыл өмірі, қарбалас қала тірлігі» және «Village Life» жобалары жүзеге асырылды. Ұлы даланың ұлы есімдері жобасы бойынша 38 шара ұйымдастырылып, 5000-ға жуық адам қамтылды. Оның ішінде, «Қорқыттың даналық сөздері» кітабы 3 тілде шығарылды», – деді Н. Сейітқалиұлы брифингте.

Қорқыт Ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуіне орай Қорқыт есімін әлемдік деңгейде насихаттаудың бес жылдық кешенді жоспарына сәйкес, оның күйлерін кеңінен насихаттау мақсатында Қызылорда облыстық филармониясы жанынан «Қобызшылар ансамблі» құрылды. Сондай-ақ «100 жаңа есім» республикалық жобасының аймақтық жеңімпаздарын насихаттау мақсатында (журналист Назгүл Кенжетай, кәсіпкер Айдос Сайлығараев) Қызылорда қаласында және барлық аудандарда 16 тақырыптық баннер ілініп, бірнеше басқосулар, шеберлік сабақтары өткізілген.

2019 жылы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген мониторингке сәйкес, Бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету бойынша Қызылорда облысы соңғы үш айда ең жоғары көрсеткішпен үздік өңірлер қатарынан табылды. Бүгінгі күні Қызылорда облысында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұсынған жаңа талаптарға сәйкес әзірленіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен келісілген.

Биыл Қызылордада «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» атты әкелі-балалы жұптар сайысы, оқушылар арасында «Әкеме хат» шығармалар байқауы ұйымдастырылады.

«Бұл бастама әкенің қоғамдағы ролін арттыру, беделін көтеру мақсатында қолға алынып отыр. Нарықтың қиын-қыстау кезеңінде әйел-аналарымыз ала дорба асынып, базарға шығып, ауыртпалық жүгін арқалаған еді. Енді бұл міндетті әкелер мойнына алып, олар отбасы тәрбиесіне оралуы тиіс», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Одан бөлек, «Ұлы дала fest» тақырыбында ұлттық дәстүрлер фестивалін, демалыс орындарында «Көне аспаптар сыр шертеді» жобасын, «Ертегі – тәрбие берудегі ізгілік бастауы» атты ертегі айтушы әжелер байқауын өткізу жоспарланып отыр.

«Отандастар» республикалық АҚ және бірнеше облыстың қатысуымен «Алпамыс батыр ізімен…» тақырыбында Өзбекстанға біріккен экспедиция, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарына жас жыраулардың шығармашылық іссапары ұйымдастырылады. Ал «Тал бесіктен – жер бесікке дейін» прагматикалық жобасы азаматтардың ысырапшылдық деңгейін төмендетуге бағытталған.

Тағы да оқыңыз: