Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында күрделі жөндеуді қажет ететін 550 үй бар. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов мәлімдеді.
Биылғы жылға республикалық бюджеттен 18 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 862,4 млн. теңге қаржы бөлінген. Қызылорда қаласында 12 үй, Қазалы 4 үй, Жаңақорған ауданы 2 үй. Сонымен қатар, 2024 жылға 36 үйді жөндеуге 2,1 млрд. теңгеге тиісті министрлікке бюжеттік өтінім ұсынылған.
«Қызылорда облысында сараптама қорытындысымен апатты деп танылған 54 көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Жалғыз тұрғын жайы апатты деп танылған 532 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде, Қызылорда қаласында 513, Сырдария ауданында 18, Жалағаш ауданында 1 отбасы бар. 2022-2023 жылдары облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, осы санат бойынша тұрғын үй кезегінді тұрған азаматтарға 100 пәтер берілді», - дейді Руслан Нұрмағанбетов.
Басқарма басшысы брифинг барысында тұрғынжай үшін төленетін төлемдер туралы да баяндады.
«Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолжетімді жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес жұмыстар жасалуда. Азаматтарға тұрғын үйдің жалдау ақысын төлеу бойынша қаржы операторы болып «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы тағайындалды. Қәзіргі уақытта, «Отбасы банк»-мен 159 азамат келісім жасалды», - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, 1 мамырдағы жағдай бойынша тұрғын үй алу кезегінде 36 271 азамат тұрған. Оның ішінде бір Ұлы Отан соғысының ардагері, 2252 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 6882 «Алтын алқа», «Күміс алқа», алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай ақ 1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы ана, көпбалалы отбасы бар. Сонымен қатар 14 365 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағы азамат, 12 196 мемлекеттік қызметші, бюджеттік ұйымдардың қызметкері, әскери қызметші және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын азамат және 575 жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азамат бар.