Kyzylorda-news.kz Бүгінде ел кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жүйелі ұйымдастырылған қамқорлықты сезіне бастады. Соған байланысты кәсіпкерлік жоғары деңгейде дамып келеді. Мемлекет экономикасын дамытушы күштердің бірі – кәсіпкерлік. Жалпы, әлем бойынша түрлі мамандықтар бар. Соған орай көптеген мамандық арасынан біреуін ғана таңдап, өміріміздің жауапты жолын таңдайтынымыз анық. Сан мыңдаған сала ішінде, кәсіпкерлік жетекші орында. Мемлекетімізде халықты қолдау аясында “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Сонымен бірге бүкіл қала және аудандарда филиалдары ашылып, халықты кәсіп саласын жүргізуді толықтай меңгеруі үшін оқытады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында да кәсіпкерлік саласы бойынша көптеген мәселелерді көтеріп, жақсы жаңалықтарымен бөліскен болатын.
– Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет, – деді Президент.
Арал ауданында да біршама тұрғын осы Кәсіпкерлік палатасымен түрлі кәсіп көздерін ашып отыр. Осындай Үкімет қолдауымен жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің бірі – Руслан Аралбекұлы Ібадатовты атап өтуімізге болады. Ол жастарды қолдау аясында және ауыл шаруашылықты дамыту мақсатында қомақты қаражат алып, өз кәсібін әрі қарай дамытуды қолға алды. Яғни бұл жерде жұртшылыққа жеңіл көліктерінің дөңгелектерін мезгіліне қарай ауыстыруға мүмкіндік жасады.
Жалпы, Руслан бұл кәсіпке бет бұрмас бұрын мұның алдында да шағын шиномонтаж орталығында дөңгелек ауыстырушы болып жұмыс істеген еді. Осылайша көлік құрал-жабдықтарының қыр-сырын үйреніп, өз бетімен еңбек етуге бел байлады. Осы кәсібіне деген қызығушылығы артып, күні-түні демалыссыз қалың көпшілікке қызмет етіп келеді. Бұл жөнінде кәсіпкер Руслан:
– Көлік болғаннан кейін оның жүріп-тұруы үшін маңыздысы – қысқы дөңгелегінің мықтылығы. Бұл жұмысыма қызығушылығым күннен-күнге артып келеді. Әрбір жергілікті тұрғынның ризашылығы менің осы кәсібіме деген қызығушылығымды арттырып келеді. Бұл кәсібімнен тапқан табысымның берекетін көріп келемін. Сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтарды да уақытылы тапсырыспен алдырып тұрамын. Қомақты қаржы несие алып, шиномонтаж аппаратын, балансировка, ауа жинайтын компрессор және домкрат құрылғыларын алдым. Кез келген уақытта қолымнан келгенше қызметімді адал атқара беретін боламын,–дейді.
Міне, осы жоба аясында өз кәсібін айналдырып әкетіп жатқан адам қаншама?! Еңбек ету арқылы көптің құрметіне бөлену адами қасиеттің бірі болып табылады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, еңбек етуден жалықпайық. Келешек ұрпақ та адал еңбектің наны қашанда тәтті болатынын білгені абзал.
