Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, дінтанушы-теолог Нұрлан Байжігітұлымен кездесті.
Кездесу барысында өскелең ұрпақ тәрбиесі, жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамдағы жауапкершілік қағидаларын нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты.
– «Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуы тиіс. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына осы бастан жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет», – деген Президентіміздің сөзі бүгінгі қоғам үшін ерекше маңызды. Сондықтан жас ұрпақты білімді, тәрбиелі, елжанды азамат етіп қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында аудан басшысы Президенттің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен ауданда жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы атап өтті. Атап айтқанда, білім беру сапасын арттыру, шығармашылық пен спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жаңа әлеуметтік және спорттық нысандар салу, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кеңінен сөз болды.
Өз кезегінде Нұрлан Байжігітұлы жастардың тәрбиесінде отбасы, білім беру ұйымдары, қоғам және дін өкілдерінің өзара бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталып, жастардың рухани дүниесін байыту, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және жат ағымдардың алдын алу бағытында ой-пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, бүгін аудан орталығында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген кездесу өтеді. Басқосуда жастар тәрбиесі, рухани құндылықтар, заң мен тәртіп қағидаларын нығайту және өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланатын болады.

