Kyzylorda-news.kz Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде мазмұнды іс-шара өтті.
Алдымен шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталған азаматтарға ұлы ақынның ұлағатты өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, олар ақылға азық боларлық қара сөздерге көз жүгіртіп, өнегеге толы өлеңіне зер салды. Бұл ретте, тұжырымы терең ақынның әр туындысы санаға серпін бергені сөзсіз.
Арнайы контингент арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмысы бойынша бөлімінің жасақ бастығы әділет сержанты Қанат Сақтағановтың айтуынша, атаулы күндерді ұмыт қалдырмай, маңызын айқындап отыру артық етпейді. Қысқасы, жақсы ойлауға жетелеп, болашақты бағамдауға мүмкіндік береді.
Тағылымды іс-шараның тынысын кеңейткен тағы бір сәт бар. Яғни, ұлттық ойындарға кезек беріліп, сотталған азаматтар өзара бақ сынасты. Тоғызқұмалақ тақтасында табандылық танытып, шахматта шеберлігін көрсетуге тырысты. Ойын нәтижесі бойынша жеңімпаздар марапатталып, арнайы Алғыс хаттар да табысталды.
– Ойшыл Абайдың адамгершілікке бағыттап, адал еңбекке баулитын өлеңі, қара сөздері мені жігерлендірді. Қателіктен сабақ алып, түзелуіме ой түрткі болды. Іс-шарадан түйгенім мол. Оның үстіне, шахмат ойнап, көңіліміз де бөлінді, - дейді сотталушының бірі.
Алдағы уақытта да игілік пен ізгілікке бағытталған іс-шара легі жалғасын таба бермек.
