Kyzylorda-news.kz Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Мемлекеттік тіл этносаралық қатынас тілі» республикалық жобасы аясында этнос студенттермен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру және оны күнделікті қарым-қатынаста қолдануға ынталандыру.
Кездесу барысында спикерлер мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен этносаралық келісімді нығайтудағы маңызына кеңінен тоқталды. Тіл жанашыры Елена Пак қазақ тілін меңгерудің жеке даму мен кәсіби өсудегі мүмкіндіктерін атап өтіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ал Достық үйіндегі тіл кабинеті үйлестірушісі Гүлзира Сәрсенбек мемлекеттік тілді оқыту бағытында жүзеге асып жатқан жобалар мен тіл кабинеттерінің жұмысы туралы ақпарат берді.
