Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы жанындағы инклюзия жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысына ZOOM платформасы арқылы партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова қатысты.

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру, Партияның сайлауалды бағдарламасы шеңберінде дамуында кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар жас балалар үшін құрылған ерте араласу орталықтары жұмысы, «Қамқорлық» бастамасы шеңберінде аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу туралы, оның ішінде мүгедектіктің әртүрлі себептері бар адамдар үшін инклюзивті тәсіл және оңалту әдістерін оқытуды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, республикалық кеңес мүшесі, «Жұлдызай» медициналық ресурстық орталығы» ЖШС директоры Айгерім Кудеринова, біздің өңірден облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзановалар күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Өңірге келсек, Қызылорда облысының халқының саны 01.08.2025 жылға 846 675-ті құрайды. Жалпы халық санынан мүгедектігі бар адамдардың үлесі 4,1%, яғни 34 768 адам. 18 жасқа дейінгі балалар саны – 324 347, ал мүгедектігі бар балалар саны – 6973 (2,1%) және балалар арасында алғаш рет мүгедектік тағайындалу былтырғы жылмен салыстырғанда 17% төмендеген.

Мүгедектігі бар балаларды және оңалту емін қажет ететін балаларды оңалтумен қамтуды ұлғайту мақсатында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында облыста «Ерте араласу орталығын» құру үшін Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 15 қазанда толық аяқталып, 1 қарашадан бастап Орталық жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорымен 124,6 млн теңгеге орталыққа қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді және «Қамқорлық» қоғамдық қорымен 29 маман Республикалық орталықтарда біліктілігін арттырды.

«Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу бойынша Қызылорданың оңтүстік-шығыс бөлігінде Жаңақорған көпбейінді орталық аудандық ауруханасы базасында «Қамқорлық» ауданаралық оңалту орталығы 2024 жылдың 10 маусымынан бастап ашылып өз жұмысын бастады. «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлініп, құрал –жабдықтармен қамтамасыз етілген. Орталықта қызмет жасайтын мамандар Астана қаласындағы «Ұлттық балаларды оңалту орталығында» даярланып, білімдерін жетілдірген.

Дәл осындай орталық өңірідің батыс бөлігі үшін Арал аудандық ауруханасының «Байтұрсынов» емханасының базасында ағымдағы жылдың 23 тамызында ашылған. Аталған оңалту орталығы Арал мен Қазалы аудандары балалары үшін қолжетімді медициналық оңалту қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: