Kyzylorda-news.kz Шымкент қаласында ұйымдастырылған екі байқауда «Ыбырай» қоғамдық қорының студенттері жүлделі болды. Ең алдымен, дәстүрлі түрде болатын футбол чемпионатының республикалық кезеңі өтті.
Биыл ФК «Ыбырайды» қарсыластары ерекше ықыласпен күтті. Өткен жылғы чемпиондар А тобында бақ сынасып, сайыстың басты фаворитіне айналды. Павлодар мен Қарағанды облысының аяқ-допшыларын аса басымдықпен жеңіп, алаң иелері Шымкент командасымен тең түсті. Нәтижесінде топтық кезеңнен 1-орынмен шықты. Жартылай финалда ақтаулықтардан есе жіберіп, чемпиондықты «Ыбырай» студенттері сақтай алмады. Дегенмен, жігіттердің жауырыны жерге тисе де берілмеді. Батыс Қазақстан облысының командасын айып добында жеңіп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Келесі кезекте, әзіл-ысқақшылардың елордадағы аламан бәйгеге оңтүстік аймақ арасында іріктеу өткізілді. Бұл байқауда Қызылорда облысы атынан екі команда қатысты. Былтыр республикадан күміс жүлдемен оралған және оңтүстік аймақтық кезеңнің чемпиондары «Ұлы дала қыздары». Сондай-ақ, жаңадан топ мүшелері жасақталған «Желмен бірге» жігіттер командасы сынға түсті. Іректеуде қыздар командасы күміс жүлде, жігіттер қола жүлдені еншіледі. Осылайша, квн байқауында екі жүлдені де «Ыбырай» қорының студенттері алды. Ал, бірінші орын мен республикаға жолдаманы Шымкент қаласының қыздары иеленді.
