Kyzylorda-news.kz ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен 4-8 қараша аралығында дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері Қызылорда өңіріне келіп, облыс тұрғындарымен кездесті.
Мақсат – халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру және дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қоғамда жалған діни идеялардың таралуын болдырмау және діни экстремизмнің алдын алу. Жалпы бұл бағытта 20 іс-шара ұйымдастырылып, 400-ден астам адам қамтылды.
Аталған іс-шараға Шымкент қаласынан «Ақниет» ақпараттық насихаттау және оңалту орталығы ҚҚ сарапшысы Файзулла Тайтелиев, Ақтөбе қаласынан Алға аудандық дін орталығының психолог маманы Нұрмұхаммет Разақов, Қызылорда облысынан Дін мәселелерін зерттеу орталығының аға маманы, дінтанушы Асхат Ерубай, Астана қаласы, Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы Мейірбек Қалманов қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері Қызылорда облысы бойынша Қызылорда қаласы және Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарын аралап, тұрғындармен кездесті.
Кездесуде «Жастардың санасына теріс діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру», «Діни фанатизм және оның қоғамға кері әсері», «Рухани құндылықтар және ұлт тәрбиесі», «Діни экстремизм мен терроризмнің ықпалынан сақтану», «Зайырлы қоғам және мемлекет» және т.б тақырыптарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.