Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің жай-күйін ревизиялау барысында республикадағы ЖЭО-ның жартысы апатты жағдайда тұрғаны белгілі болды.
Премьер-Министр қыркүйек айында өңірлердің әкімдері жылу беру маусымына дайынбыз, ешқандай проблема жоқ деп баяндағанын атап өтті. Бірақ күн суытқанда бірнеше төтенше жағдай орын алғанын жеткізіп, сынға алды.
«2 айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, тексерулер басталды, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келген.
Осыған орай, Премьер-Министр электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтауды тапсырды.
«Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді», – деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр жылу желілерін реконструкциялау бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстарын бірінші жартыжылдықта аяқтауды, тиісті жұмыстарды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ 2 апта ішінде мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қарастыруды тапсырды.
