Kyzylorda-news.kz. Сыр елінде Ұлттық мерекеге ұйымдастырылатын іс-шаралардың бір бағыты - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау. Бұл бағытта ғылыми конференциялар, шығармашылық кештер, фестивальдар, форумдар, дөңгелек үстелдер мен танымдық кездесулер, ашық сұқбат алаңдары, тақырыптық лекциялар ұйымдастырылатын болады.

Атап айтқанда, Қорқыт Ата университетінің базасында 21 қазанға «Егемендік декларациясы: Тәуелсіздіктің бастауы» атты шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоспарланған.

Халықаралық конференцияға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Селчук университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының докторы Шағатай  Бенхур (Түркия), Эберхард және Карл атындағы Тюбинген университетінің профессоры, археология докторы Генрих Харке (Германия), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымының докторы, профессор Наталья Калашникова (Астана қ.), жетекші отандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың белгілі ғалымдары, оқу орнының профессор-оқытушылары мен білім алушылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері офлайн және онлайн форматта қатысады деп күтілуде.

Сондай-ақ, «Мемлекеттік тілді қызмет тіліне айналдыру» тақырыбындағы облыстық семинар, Қазақстан халқы Ассамблеясы институты аясында түрлі этностар арасында танымдық кездесулер, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық бастамаларын қолдауға арналған «Өнеріміз саған, Қазақстан!» республикалық фестивалінің өңірлік кезеңі өткізіледі.

Бұған дейін мерекелік күнтізбе аясында 2023 жылға Үкіметтік емес ұйымдарға арналған жобаларды жария талқылау кездесуі, Қызылорда облысы медиаторларының форумы ұйымдастырылған болатын.

Тағы да оқыңыз: