Kyzylorda-news.kz Мәскеудегі Басман соты "Крокустағы" теракт бойынша сегізінші адамды қамауға алуға шешім шығарды, деп хабарлайды Sputnik.
Тергеушілер Алишер Касимовты қамауға алуға өтініш берген. Сот бұл өтінішті қолдады. Күдікті 22 мамырға дейін қамауға алынды. Оған дейін тергеу шаралары атқарылады.
Сотта Касимов пәтерді "Авито" арқылы жалға бергенін мәлімдеді. Бірақ онда болашақ террористер тұратынын білмеді.
Мәліметтерге сәйкес, Касимов Қырғызстанда туған. Ресей азаматтығын алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, дәмхана ашқан. Сол жерде өзі де істейді. Красногорсктың жанындағы Путилково ауылында тұрады. Орта білімі бар. Үш баланың әкесі.
Бұған дейін Басман соты 62 жастағы Исроил Исломовты және оның екі ұлы – Диловар мен Аминчонды екі айға қамауға алуға шешім шығарған. Диловар Renault көлігінің соңғы иесі болған. Айтуынша, оны ақпан айында сатып жіберген. Бірақ сақтандыру полисі өз атында қалды. Дәл осы көлікпен лаңкестер оқиға орнынан қашып кеткен.
Тергеу комитетінің мәліметіне сәйкес, теракт жасағандардың бірі – Шамсидин Фаридуни қаңтар айында қылмыстық топқа Аминчон Исломовты, ал наурызда Диловарды тартқан.
Диловар Исломов Душанбеде туған. Бірақ қазіргі кезде Ресей азаматтығы бар. Үйленген, үш айлық баласы бар. Таксист болып жұмыс істеген. 33 жастағы ағасы Аминчон Исломов - автобус жүргізушісі. Екі рет үйленген, жеті баласы бар. Ал екеуінің әкесі Исроил Исломов жұмыссыз, Ресейде тұруға ықтиярхаты бар. Тверь қаласында тұрды. Бес баланың әкесі.
Айта кетері, 25 наурызда "Крокус сити холлдағы" терактіге қатысы бар деген күдікпен ұсталған төрт адам - Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализод, Шамсидин Фаридуни мен Мухаммадсобир Файзов екі айға қамауға алынды. Осылайша, бүгінде 8 адам қамауға алынып отыр.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
