Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда пәтерлер ақпан айында орта есеппен 3,5 пайызға қымбаттады. Krisha.kz сарапшыларының пікірінше, пәтер бағасы рекордтартық көрсеткіштерге жетті, деп хабарлайды Stan.kz.
Пәтер бағасының едәуір өсуі үш облыс орталығында – Ақтау, Орал, Атырауда байқалады. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері бойынша бұл өңірлер көш бастап тұр.
Осылайша, Ақтауда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны 13,1 пайызға өсті. Шаршы метрді сатушылар 216 975 теңгеге бағалайды. Бұл соңғы үш жылдағы абсолютті максимум. Бұл деңгей соңғы рет 2018 жылдың қаңтарында, ұзаққа созылған құлдырау кезеңіне дейін тіркелді.
Екінші орында Орал қаласы (плюс 7,8 пайыз). шаршы метр құны 246 550 теңгені құрайды – бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Сондай-ақ, Атырау жоғары динамикалы және құндылығы бойынша рекордты қалалардың үштігіне кірді (плюс 4,8 пайыз). Шаршы метрі ақпанда 296 700 теңгені құрады.
Өскемен мен Ақтөбеде пәтер бағасы 4,3 пайызға, Қызылордада 4 пайызға өсті. Шаршы метрі 309 350, 186 400 және 162 925 теңгені құрайды.
Семейде индекс 3,3 пайызға өсіп, бір шаршы метр үшін 244 925 теңгені құрады.
Петропавлда – 2,9 пайыз: 244 925 теңге / шаршы метр.
Талдықорғанда – 2,7 пайыз: 266 800 теңге / шаршы метр.
Қостанайда – 2,5 пайыз: 260 175 теңге / шаршы метр.
Алматыда ұсыныстар бір айда 2,4 пайызға өсті. Қазір орташа құны бір шаршыға 479 425 теңгені құрайды – бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Күні кеше Тоқаев еліміздегі үйлердің қымбаттауын қалай реттеуге болатынын айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол жетімді баспана мәселесін шешу үшін құрылыс ұйымдарымен алдын ала келісім жасауды ұсынды.