Kyzylorda-news.kz Президент Жарлығына сәйкес, 6 қазанда республикалық референдум өткізіледі.

Аймақта 492 381 азамат дауыс беруге құқығына ие.

Облыста 380 учаскелік референдум комиссиясы құрылған, мұнда 2 652 комиссия мүшесі қызмет атқарады.

Дауыс беруші азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылады.

Учаскеге келіп өз таңдауын жасайтын азаматтар арнайы ширмамен жабдықталған кабиналарда дауыс береді. Мүгедектігі бар азаматтар үшін де кедергілер жоқ. Барлық учаскелер 1-қабатта орналасқан және арнайы құрылғылармен жабдықталған.

Көру қабілеті төмен азаматтар үшін Брайл шрифті бар трафареттер берілсе, сөйлеу мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін бюллетень толтырудың ережесі көрсетілген аудиоматериалдар қолжетімді болады.
Дауыс беру күні аймақ бойынша 20-ға жуық инватакси қызмет атқаратын болады.

Егер де азамат денсаулық жағдайына және науқас адамға күтім жасауына байланысты учаскеге келіп дауыс беруге мүмкіндігі жоқ болса 6 қазан сағат 12.00-ге дейін учаскеге өтініш қалдыра алады. Мұндай жағдайда комиссияның 2 мүшесі тасымалданатын жәшік арқылы азаматтың үйіне барып дауыс беруді ұйымдастырады.

Айта кетейік, өңірде тұрғындар өз учаскесін referendum.orda.gov.kz сайты арқылы көре алады.

Азаматтар сайтқа кіріп, ЖСН нөмірін теру арқылы өз учаскесін оңай таба алады.

Мұнда комиссиясының мекен-жайы, байланыс деректері және комиссия мүшелерінің құрамы туралы ақпаратты алады.

Бұл қызметтер «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасында және телеграм желісінде де бар.

https://t.me/referendumKzo_bot арнайы бот жұмыс істейді.

Сондай-ақ, дауыс беру күні Қызылорда қаласында 5 учаскеде онлайн сервис ашылып, тізімде жоқ азаматтарды тіркеу қызметімен айналысады.

Тағы да оқыңыз: