Kyzylorda-news.kz   Аңшылық-саятшылық – қазақтың байырғы кәсібі. Көшпелілер үшін күнкөрістің әрі көңіл көтерудің бір бөлігі болған. Аңшылықтың бейнеті, еңбек шығыны аз. Бірақ, табысы құнды. Бағалы аң терісі, еті, қауырсыны, мамығы – қай-қайсысы да адамдардың қажетіне жараған. Мұның барлығы ата-бабамыздың көшпелі өмірінің ажырамас бөлшегіндей дүние. Алайда, кейінгі уақытта аңшылықты кәсіп қылғандардың қарасы азайып барады...

Бүгінде, мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс салатын аңшылық пен саятшылық кәсіптен гөрі спорттық мағынаға ауысқандай. Әлеуметтік желіден ит жарыстырып, төбелестіріп немесе қыран құсты аңға салудан жарысқан жаңалықтар бірен-саран болса да ұшырасып жатады. Енді бірі дала аңын қызық үшін баудай қырып, онымен бірге суретке түсіп жатады. Табыс үшін ақбөкендерді аяусыз атып жатқандар қаншама? Бұл бөлек әңгіме. Біздің жазбағымыз аңшылықты ата жолымен ұстап келе жатқан азаматтар туралы болмақ.

Аңшылық туралы сөз қозғасақ, тіліміздің ұшына Лақалы ауылы еріксіз оралады. Ондағы жұрттың аңға шыққан кездегі мергендігі мен із кесу қасиеті ерекше айтылады. Ауылда 2005 жылдан бері кәсіпкерлік жұмысы басталған «Жанай-2» көлі бар. Иесі – Талғат Абайұлы. 20 жылдан бері ата кәсіпті жалғаған жанның ұлдары да мергендігімен, дәлдігімен көзге көрінді. Солардың бірі – Рамазан Абай. 26 жастағы жігіттің қызығушылығы аңға шығып, балық аулау. Бұл хобби оның кішкентайынан-ақ көл басына барып, әкесіне көмектесуінен басталған. Өзі қалада өсіп, білім алғанымен бір бүйірі ауылға тартып тұратын. 3 ай каникул басталғанда Лақалыға барып, әкесінің жанынан табылған.

– Менің атам да аңшы, балықшы болған. Жалпы, бұл қасиет қанымызда бар десем артық айтқандық емес. Өйткені, әкемнен үйренген қабілетіміз ағамда да, інімде де бар. Қызығушылығымыз өте жоғары. Жанымызбен беріліп, құмартып тұрамыз. Өзім Алматы қаласында жедел медициналық көмекте фельдшер болып жұмыс жасаймын. Бірақ, Қазалыға келген сайын ауылға қарай тарта жөнелемін. Себебі, онда сүйікті кәсібіміз күтіп тұрады. Балық аулаудың қыр-сырын әкем үйретті. Жан тыныштығымен демалғаннан бөлек бұл – адамды сабырлыққа әкелетін дүние. Төзімділікті де қармағыңа балық түскенін күткенде аңғарасың. Одан бөлек құстарға шығып, оларды атуды үйрендік. Алдымен, бос құтыларды қойып, дәлдікті, нысананы тура көздеуді үйретті. Қолымыз жаттыққан соң үйрек, қасқалдақ, қаз секілді құстарды аулай бастадық. Әр қадамымыз бен әр қимылымызды әкеміз бақылап отырды. Біздің қызығушылығымызды арттырып, мергендікті бойымызға сіңірді. Қазақтың байырғы кәсіп екенін, жөнсіз жануарларды, ретсіз құстарды атпау керек екенімізді жиі құлағымызға сіңіріп отырды. Бұл өнер – қазекемнің қанына сіңген қасиет. Атадан қалған аңшылық кәсіпті серік еткен әкенің ұлы болғаныма мақтанамын. Ер жігіттің бойына қажет қасиет емес пе? – дейді Рамазан Талғатұлы.

Жас жігіттің айтуынан аңғарғанымыз, даланың жазықсыз аң-құстарын ретсіз атуға тыйым салған дұрыс. «Текті тегіне тартып туады» демей ме? Рамазанның жас болса да сөз саптап, жақсы сөз айтуы көңілімізді көншітті. Әңгіме соңында ол «Аңшы тек аң атушы ғана емес, ол жан-жануарды суық қолдардан қорғаушы да болуы керек» деп түйді. Шынымен де, даланың сұлу және өр жануарларын әркез қорғап жүру – әрқайсымыздың парызымыз болса керек.

Айнұр ӘЛИ

Тағы да оқыңыз: