Kyzylorda-news.kz. Қаңтар оқиғасынан кейін рақымшылыққа ілінген 461 азамат жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасы бойынша рақымшылық жарияланған адамдардың саны – 1095. Бүгінгі таңда 461-і жұмысқа орналасты. Қалған азаматтар бойынша жұмыс жалғасып жатыр», - деді Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар ол жастарға қатысты мемлекет тарапынан кешенді іс-шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Мәселен, 2022 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды.
Аталған заң аясында жастар жасы 29-дан 35-ке дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде бұрын жастар санатына 3 млн 700 мың адам кірсе, қазір олардың саны 5 млн 700 адамды құрады.
NEET санатындағы жастардың мемлекеттік қолдау алуына мүмкіндік жасалды. Жастар тәжірибесі 1 жылға ұзартылып, жалақы 100 мың теңге болып белгіленді.
