Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық грек этномәдени бірлестігі 2004 жылы 10 тамызда Афинада өткен жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында құрылған. Этномәдени бірлестіктің құрылуына бастамашы болған облысқа белгілі нейрохирург Филипп Федорович Алхазов болды. Қазіргі уақытта грек этномәдени бірлестігінің негізін қалаған Филипп Федоровичтің жұмысын үлкен ұлы Федор Филиппович Алхазов жалғастыруда.

Орталықтың құрылу тарихына Раиса Дмитриевна Алхазова, Афина Ираклиевна Панаиотиди, Кристофер Иоарданович Терзопуло, Панайот Георгиевич Калпакиди, Иван Георгиевич Ахметов белсенді түрде атсалысты.

Грек этномәдени бірлестігінің мақсаты – түрлі этностар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Сонымен қатар Қазақстан халқының мәдениетін жан-жақты өзара байыту, грек этникалық мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын одан әрі дамыту, жастарға патриоттық тәрбие беру.

Бүгінгі күні грек этномәдени бірлестігінің белсенділері өте көп. Солардың бірқатарын атап өтер болсақ, Раиса Дмитриевна, Екатерина Анатольевна, Зоя Ивановна және Дмитрий Филиппович Алхазов, Анастасия Христофоровна Терзопуло, Татьяна Ивановна Волкова. Бірлестік мүшелері облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының барлық әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға белсене қатысып, басқа этномәдени бірлестіктермен араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосуда.

Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2013 жылы өмірден озған Филипп Федорович Алхазов өңірге танымал, беделді нейрохирург болды. Қазіргі күні ол тұрған үйде оның тұтынған заттары, бұйымдары, газет қиындылары, фотосуреттер, марапаттар, сертификаттар сақталған. Оның ішінде музыкалық аспаптар – грек кеменджелері мен тефтері, сондай-ақ қазақ домбырасы да бар. Кемендже – қара теңіз аймағындағы гректердің лирасы, лютня аспабына ұқсас ішекті, бірақ мойыны ұзын музыкалық аспап.

Қара теңіз аймағының гректері Қазақстанға жер аударыла бастағанда ешкім музыкалық аспаптарды алып кете алмаған. Олар тіпті, ешқандай құжатты да, жолға қажетті тағамдарды да өздерімен бірге алып кете алмаған. Музыка ұлт жанының бір бөлігі десек, гректер осы орайда дәрменсіз еді. Жер аударылған гректер өз құндылықтарының бір бөлігін Отанына тастап кетті. Қазақстанға жер аударылған олар домбырада ойнауды үйрене бастады. 

«Гректер Қазақстанға 1949 жылы келді. Биыл олардың қазақ жеріне келгеніне 74 жыл толады. Жер аударылған грек халқы жетпіс жыл бұрынғы зұлматты ұмытқысы келеді. Бірақ бұл оқиға тек бірнеше адамның ғана емес, бір ұлтты күйреткендіктен халықтың санасынан өшіру мүмкін емес. Ежелден Қара теңіз жағалауына қоныстанған гректер үшін трагедияға айналған оқиға сталиндік қуғын-сүргін еді», - дейді  грек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Раиса Алхазова. 

Қызылордалық гректер қоныс аударуға дейін Абхазияның Сухуми қаласында тұрған. Кейін олар үшін нағыз Отан қазақ жері болды. Жаңа жерге келген олар жаңа климаттық жағдайларға тез бейімделуге тырысты. Гректер үшін қазақ тілін үйрену үлкен қиындық тудырмады, өйткені олардың дені түрік тілін жақсы білген. Жер аударылған гректер үшін туындаған тағы бір мәселе болды. Барлық гректер арнайы қоныстанушылар ретінде қатаң арнайы есепке алынды. Олар өз мекенжайларынан, ауылдан немесе қаладан шығп кетуге құқығы болмады. 

1956 жылы көптеген қызылордалық гректер Абхазия мен Кубаньға қайта оралды. Біразы Таразға, Шымкентке қоныс аударды. Сыр елінде қалған гректердің қатарында «Қазақтелеком»-ның бас директоры Юрий Константинович Лавасас болды. Ол Қызылорда облысында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сонымен қатар қоныстанып қалғандардың қатарында Иван Ахметов, Константин Алхазов, Дмитрий және Янис Панаиотиди есімдері алтын әріптермен жазылды. Сонымен қатар атақты зілтемірші Илья Ильиннің де нағашылары гректер екенін естен шығармаған жөн. Осы орайда Сыр елінің мақтанышына айналған спортшы өз Отаны Қазақстан Республикасына адал болатындығын, сондай-ақ ел үшін еңбек ететінін айтқан болатын. 

греки 2.jpg

Тағы да оқыңыз: