Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен 4 маусым – Рәміздер күніне орай «Елтаңбасымен еңселі, әнұранымен айбынды, туымен тұғырлы елмін» атты ақпараттық-танымдық сағаты Қазалы гуманитарлық колледж студенттері мен ұстаздарының қатысуымен өткізілді.
Мақсаты – Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азамат үшін басты парыз екенін түсіндіру, өскелең ұрпақтың мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін кеңейту, мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға деген сезімін қалыптастыру.
Іс-шара мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталды. Кешті Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Таңжарықов Мұрат Тұрсынбекұлы ашып, Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы, тәуелсіздіктің маңызды белгісі екендігіне тоқталып, оны кең көлемде пайдалану, қадірлеу, оның мән-мамзұнын білу – әрбір қазақстандық азаматтың парызы деп сөзін жеткізді.
Атаулы күнге орай, оқырмандар назарына Мемлекеттік рәміздеріміз тарихынан ақпарат беретін бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, колледж студенттері мерекеге орай жүрекжарды өлеңдерін оқып, ұстаздар қауымы рәміздерімізді қадір тұтуға елжандылық негізде осы сынды шаралардың ұйымдастырылып тұру қажет екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатысуымен «Коворкинг» орталығында «Рәміздерім – айбыным» атты тақырыпта кітап көрмесі таныстырылды.
