Kyzylorda-news.kz. Балалар жылы аясында «Жас Орда» жас мамандары және ассамблея жастарының еріктілері бірлесіп балалар ауруханасында қайырымдылық шарасын өткізді. Сондай-ақ, Қармақшы ауданында жастар ресурстық орталығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Қуантсаң баланы қуант» атты акциясы өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Волонтерлар фронт офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов хабарлады.
«Жыл көлемінде балаларға арналған әртүрлі қайырымдылық шараларын өткізуді жоспарлаудамыз. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген болатын. Осы орайда, 15 ақпан – халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні қарсаныңда облыстық ассамблея еріктілері аты жаман дертке шалдыққан бүлдіршіндерге арнап мерекелік шара ұйымдастырдық. Сондай-ақ, аудандарда балаларға арналған акциялар болып, қажетті киім-кешек пен басқа да тауарлармен қамтамасыз еттік. Наурыз айында республикалық фронт офисінің қолдауымен аз қамтылған отбасыларға азық-түлік сертификаттарын үлестіру жоспарлануда», – деді Болатбек Айтбенбетов.
