Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында күннің қатты ысуына байланысты KEGOC компаниясының қосалқы станциясында 35 кВ әуе желісінде жүктеме тоғының күрт көбею салдарынан, яғни 370 Амперге жетіп, сымдар бойы қызып үзіліп, апаттық ағытулар орын алды. Салдарынан Тасбөгет, Саулет, Бәйтерек, Шанхай шағын аудандарында уақытша электр жарығын беру тоқтатылды.
Мамандар облыс орталығында жаңа тұрғын үйлер салынуына байланысты электр желілерге түсетін жүктеменің жыл санап артуы негізгі себептің бірі дейді. Мәселен, 100 үйге есептелген электр қондырғылары қазір шамамен 300 үйді электр жарығымен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, қалалық электр желілері жарты ғасырдан астам жұмыс істеп келеді. Сол себепті қайта жаңғырту жұмыстарын қажет етеді.
Қазіргі таңда «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесінің қызметкерлері апаттық жағдайды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, электр энергиясын қалпына келтірді.