Kyzylorda-news.kz. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық «Абайтану» олимпиадасында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Ләззат Өтеп жүлделі ІІІ орынды иеленді. 

Аталмыш білім бәйгесінің республикалық кезеңіне еліміздің барлық жалпы білім беретін мектеп оқушылары қатысты. Жас абайтанушылар бірінші кезеңде Абай қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне ЭССЕ жазып шығармашылық қабілет -қарымын танытса, екінші кезеңде шығармашылығы бойынша ауызша сұрақтарға  тікелей режимде жауап беріп, терең білімдерімен сынға түсті.

«Абай поэзиясының  қазіргі жастарға беретін тағылымы зор. Данышпан ақын әсіресе, білім мен ғылымның  маңызына көп мән берген. Ақын өлеңдерін бала кезімнен жаттап өстім. Абайдың табиғат тақырыбындағы  шығармалары қатты ұнайтын. Суреткерлігі сонша — оқыған кезде  жанды картина көз алдымызға келеді», — дейді Ләззат Өтеп.

Сонымен бірге ғұламаның қара сөздерінің астарына тереңірек үңілу керек , күнделікті өмірде ұстаным ретінде  қолданатын тұжырымдардың мол екенін айтады.    Байқауда жас зияткер Абай жолы романының мазмұны бойынша білімімен ерекшеленіп, жүлделі 3-орын иеленді.  

«Елімізде биыл үшінші рет өткізіліп отырған Абайтану олимпиадасы онлайн форматта жоғары деңгейде әділ өтті. Әрине, үлкен дайындықты талап етеді. Оқу бағдарламасынан бөлек сабақтан тыс уақыттарда да Абай әлемімен толық таныс болу үшін қосымша жұмыс жүргіздік. Абай шығармашылығы — жас жеткіншектер үшін рухани азық, өмірлік бағыт беруші шамшырақ іспетті, сондықтан оның мол мұрасы насихатталу керек», — дейді ұстазы Мира Дөненхожаева.

Тағы да оқыңыз: