Kyzylorda-news.kz. Құрылыстан – сахнаға! Бір күнде жұлдызға айналған қызылордалық Гүлмайданға продюсер Жан Мұқанов қолдау көрсетті. Сылақшы қызды тауып, хабарласқан продюсер оған бір күнде ән жазып берді. Сондай-ақ, Гүлмайдан отандық телеарналарға шығуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Stan.kz.
Өзін Дана ден таныстырған арудың шын есімі – Гүлмайдан. Қызылордалық ару құрылыста сылақшы болып жұмыс істейді. Музыкалық білімі болмаса да, өнерге деген махаббаты оны елге танытты. Дананың сылақ сылап жүріп, ән айтқан видеолары әлеуметтік желіде таралып кетті. Видеоны алғашқылардың бірі болып бөліскен блогер Дәулет Мұқаев оның продюсер табуына себепші болды.
«Сүйінші. Танылмаған талант. Кешегі постымнан кейін, бірнеше адам жазды. Тв журналистер, газет сайттар хабарласты. Барлығына Дананың номерін бердім. Бірнеше адамға жекеге шықтым. Көрінбейтін жұмысымның нәтижесі. Негізі шын есімі – Гүлмайдан. Өзін Дана дейді. Менің постамды көріп, еліміздегі белді продюсерлердің бірі Жан Мұқанов жекеме шықты. Нәтижесінде бір күнде ән жазылды! Дана ертең Хабар арнасындағы “Таңғы Хабарға” тікелей эфирге шығады. Ұлттық арнаға, Еуразия арнасына да сұхбаты шығып, жанды дауыстағы әні шырқалады. Әріптестеріме рақмет. Менің үндеуімді жерге тастамай, бір күнде таланттың жұлдызын жақтық. Дана, тек қана алға! Енді Дананың су жаңа парақшасына тіркеле отырайық @anwi_dana», – деп жазды Дәулет Мұқаев.
Дананың парақшасына аз уақытта 26 мыңнан аса адам тіркеліп үлгерген.
«Дәулет, Жан ағаларыма Алла разы болсын. Мені қолдап, өнерімді бағалап жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз сіздерге. Және де барша Қазақ еліне рақмет айтамын, сіздердің шынайы шырылдап қолдаған ақ ниеттеріңіздің, тілек-дұғаларыңыздың себепкерлігімен осылай менің өнерімді танытқандарыңызға. Рақмет баршаңызға», – деп жазды Дананың өзі.