Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Қызылорда облысындағы шаруашылықтардың көпшілігі суды аз қажет ететін технолгияларға басымдық беруде. Сырбойылық дихандар тек дәнді дақылды ғана емес, тіпті көкөніс пен жеміс-жидекті де заманауи бағытта өсіруде. Соның бірі жаңақорғандық «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы.

Аталған бірлестік 2017 жылдан бері ауылшаруашылығы саласындағы әртараптандыруға көшкен. Соңғы жылдары жоғары нәтижеге жетуді көздеген шаруашылық Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе жұмыс атқаруда.

Суды үнемдеуді көздеген шаруашылық өткен жылы 80 гектар жерге ылғал сақтағыш жаңа технологиямен бидай егіп, жоғары өнім алды. Ал, биыл қожалық мақсарының «Иирказ» тұқымын 600 гектар жерге орналастырған. Оған қоса, 5 гектар жерге 1200 түп алма екті. Бақта голден делишес, семерянко, старкримсон секілді сұранысқа ие сорттар бар. Сондай-ақ, заманауи технологиямен жүзеге асқан бақта 500 түп өрік пен 1000 түп қараөрік өсіп тұр.

«Аквтерра гелі өңірімізге енді енген технология. Бұның 1 фракциясы өз көлемінен 400 есе үлкейтуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде біздің климат үшін өте қолайлы. Себебі егістікке қажетті суды осы технолгияны қолдану арқылы жаңбырмен де беруге болады. Заманауи технолгияны қолдану арқылы егінді құрғақшылықтан қорғауға мүмкіндік туып отыр. Ал 5 гектарға жеміс-жидектен жылына 15-20 тоннадай өнім алудамыз. Жергілікті өнімге облыс пен ауданан да сұраныс жоғары. Алдағы уақытта әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды жаңа технологиялар бойынша жүзеге асырып, егістік көлемін арттыратын боламыз», – деді «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары Ғалымжан Орынбасаров.

Тағы да оқыңыз: