Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментіне азаматтық қорғау органдарының туын тапсыру рәсімі өтті.

Кезекті жұмыс сапарында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев департамент бастығы полковник Руслан Сламбекұлына «Ерлік, құрмет пен батылдық» символын салтанатты түрде табыстады.

Өткен жылдың қазан айында ел Президенттің Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің құрамында болған Төтенше жағдайлар комитеті өз алдына Төтенше жағдайлар Министрлігі ретінде қайта құрылып, жалауы бекітілді. Ал азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үшін ту – бұл ерліктің, ар-намыстың және абыройдың символы екенін жеткізді.

Сонымен қатар жиын барысында Вице-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауындағы тапсырмас кеңінен түсіндіріп, Министрлік басшылығының жалақыны арттыру, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері бойынша қабылданып жатқан шаралары туралы айтып берді.

Департамент бастығы Руслан Сламбекұлы да өз кезегінде «Егемендік алған 30 жыл ішінде өрт сөндіруші-құтқарушылардың халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жан қиярлық ерліктері жетерлік. Бүгінгі салтанатты ту тапсыру рәсімі Сыр құтқарушы үшін айтулы оқиға болып табылады», – деді.

Осылайша ашық өткен диалогта Қызылорда облысы гарнизонының жеке құрамы вице министрге қызметтік іс-әрекеттегі қызықтырған проблемалық сұрақтарын жолдап, тұшымды жауап алды.

Бұдан әрі вице-министр Қызылорда облысы гарнизонының тыныс тіршілігімен танысу үшін шаһардағы өрт сөндіру бөлімдерін аралады. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ауласында ұйымдастырылған көрмеде Мереке Құдайбергенұлы жедел-құтқару жасағы мен өрт сөндіру бөлімінің техникалық базасымен танысты.

Тағы да оқыңыз: