Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтері» жедел-құтқару жасағының құтқарушылары «Қазқұтқару-2022» республикалық кешенді тактикалық оқу-жаттығуына қатысып жатыр.
Алматы облысының «Тамғалы-Тас» шатқалында орналасқан «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйытқы болуымен «Қазқұтқару-2022» кешенді тактикалық оқу-жаттығудың салтанатты ашылуы өтті.
Кешенді тактикалық оқу-жаттығулар іздестіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын жетілдіру, авариялық-құтқару құралдары мен техникасын пайдаланудың озық әдістерін меңгеру, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тәжірибесімен алмасу, жарысқа қатысушылардың кәсіби даярлығын жетілдіру және дене даярлығын тексеру мақсатында өткізіледі.
Биылғы жылдың 5-22 қыркүйек аралығында «Қазқұтқару-2022» кешенді тактикалық оқу-жаттығу шеңберінде Халықаралық азаматтық қорғау ұйымының қатысуымен Орталық Азия мемлекеттерінің төтенше ведомстволарының кинологиялық қызметтеріне арналған мастер-тренинг өтіп жатыр.
Мастер-тренингке қатысушы құтқарушылар «Темір жолдағы ТЖ», «Жол-көлік оқиғасы», «Құтқару жұмыстары», «Форт», «Лабиринт», «Химия», «Каньон» және басқа да жарыстарға қатысады.
Сондай-ақ оқу-жаттығу шеңберінде Орталық Азия мемлекеттері төтенше ведомстволарының кинологиялық қызметтеріне арналған тренингтер өтеді.